«TUR WORKOUT – ТӘРТІПКЕ ТАРТЫЛ»: САУРАНДА ҚҰҚЫҚТЫҚ МӘДЕНИЕТ ПЕН САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ ДӘРІПТЕЛДІ

Сауран ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілікті арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған «TUR WORKOUT – Тәртіпке тартыл» облыстық жастар жобасы өткізілді.

Аталған жоба Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының бірлескен ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Іс-шараның басты мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын құрметтеуге тәрбиелеу, лудомания мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ олардың бойында салауатты өмір салтын ұстану мәдениетін қалыптастыру.

Бүгінде Мемлекет басшысы жастардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, олардың білім алуы мен өзін-өзі дамытуына мүмкіндік беру, қоғамдағы жауапкершілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президент өз Жолдауларында заң үстемдігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және құқықтық мәдениетті нығайту мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін атап өткен болатын. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстар жастардың бойында заңға құрмет пен жауапкершілік қағидаттарын қалыптастыруға негіз болып отыр.

Жобаның ашылу салтанатына Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басқарма басшысы, экономикалық тергеп-тексеру қызметінің подполковнигі Абай Қадыров, Департаменттің аса маңызды істер жөніндегі офицері, экономикалық тергеу қызметінің капитаны Гүлзия Қарсыбай және Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев қатысып, жастарға сәттілік тілеп, қоғамның дамуы мен ел болашағы жастардың белсенділігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.

Іс-шара барысында жастарға интернет-алаяқтықтың алдын алу, қаржылық қауіпсіздік, дропперліктің қауіптілігі, банк карталары мен жеке деректерді үшінші тұлғаларға берудің құқықтық салдары жөнінде кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, қатысушыларға арнайы ақпараттық материалдар таратылып, цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы түсіндірілді.

Жастар арасында кең таралып келе жатқан лудоманияның алдын алу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мамандар құмар ойындарға тәуелділіктің жеке тұлғаның әлеуметтік жағдайына, денсаулығына және қаржылық тұрақтылығына кері әсер ететінін түсіндіріп, жастарды бос уақыттарын тиімді өткізуге, спортпен тұрақты айналысуға және пайдалы дағдыларды дамытуға шақырды.

Аталған бастама Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатының 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айқындалған жастардың құқықтық мәдениетін дамыту, олардың қоғамдық белсенділігін арттыру және салауатты өмір салтын қалыптастыру міндеттерімен үндеседі. Сонымен қатар, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың жан-жақты дамуына жағдай жасау бағытындағы мемлекеттік бастамалардың тиімді жүзеге асуына ықпал етеді.

Жоба аясындағы спорттық және танымдық іс-шаралар жастардың тәртіпке бағыну мәдениетін нығайтып қана қоймай, олардың өзара ынтымақтастығын арттыруға, көшбасшылық қасиеттерін дамытуға және қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік берді.

Айта кету керек, облыстық жоба бекітілген кестеге сәйкес, Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында кезең-кезеңімен өткізілуде. Аудандық кезеңде үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар 26 маусым күні өтетін финалдық кезеңде облыстың үздік жастарымен бақ сынайды.

Жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, салауатты өмір салтын дәріптеуге және қоғамдағы тәртіп пен жауапкершілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған мұндай жобалар өскелең ұрпақтың саналы, білімді әрі отаншыл азамат болып қалыптасуына маңызды үлес қоса береді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *