ХАЛЫҚ МҮДДЕСІ – МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ ӨЗЕГІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саяси реформалардың негізгі мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, мемлекеттік басқарудың тиімділігін күшейту және азаматтардың билікке деген сенімін нығайту. Президент өз Жолдауларында және Ұлттық құрылтай отырыстарында еліміздің орнықты дамуы ең алдымен өңірлердің дамуымен, халықтың тұрмыс сапасының жақсаруымен және мемлекеттік органдардың ашықтығымен өлшенетінін үнемі атап келеді.

Осы мақсатта жүзеге асырылып жатқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бүгінде нақты нәтижесін көрсетіп отыр. Мемлекеттік органдардың халықпен тұрақты кездесуі, азаматтарды жеке қабылдауы және көтерілген мәселелердің шешімін жүйелі бақылауға алуы мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастырды. Президент Жарлығына сәйкес, облыс әкімдерінің барлық аудан тұрғындарымен кездесуі – осы саясаттың нақты көрінісі.

Осы бағыттағы жұмыстар аясында, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданының тұрғындарымен кездесіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын таныстырды. Сонымен қатар, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, әрбір көтерілген мәселе бойынша нақты тапсырмалар берді. Бұл кездесу билік пен қоғам арасындағы өзара сенімнің нығайып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде, Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан реформалардың нәтижелеріне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, соңғы жылдары өңірдің инвестициялық әлеуеті айтарлықтай артып, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, кәсіпкерлік және әлеуметтік инфрақұрылым салаларында жүйелі өсім қалыптасты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, өндірісті ұлғайту және инвестиция тарту арқылы ғана халықтың тұрмысын жақсартуға болатынын бірнеше рет атап өтті. Бұл міндеттер бүгінде Сауран ауданында да нақты жүзеге асырылып келеді.

2026 жылдың алты айының қорытындысы аудан экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсетті. Жалпы өңірлік өнім көлемі 38,4 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,7 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 14,3 миллиард теңгені құрап, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 35,4 пайыздық өсім көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің 57,2 миллиард теңгеге жетіп, 2,2 есеге ұлғаюы өңірдің инвестициялық тартымдылығының артқанын аңғартады.

Сауда көлемі, ауданның өзіндік кірістері мен салық түсімдерінің де айтарлықтай өсуі экономиканың барлық саласында оң өзгерістердің қалыптасқанын көрсетеді. Мұндай нәтижелер мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін және кәсіпкерліктің қарқынды дамып келе жатқанын дәлелдейді.

Сауран ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша қатарынан көш бастап келе жатқаны да – жүйелі жұмыстың нақты жемісі. Аудан 2025 жылдың қорытындысында облыс бойынша бірінші орынға ие болса, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында да осы көшбасшылық көрсеткішін сақтап қалды.

Бұл – аудан әкімдігі мен мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысының ғана емес, кәсіпкерлердің, еңбек адамдарының және аудан тұрғындарының ортақ еңбегінің нәтижесі.

Мемлекет басшысы өндіріс орындарын көбейту арқылы тұрақты жұмыс орындарын құруды стратегиялық міндет ретінде белгілеген. Осы бағытта Сауран ауданында биылғы алты ай ішінде жалпы құны 23 миллиард теңгені құрайтын 34 инвестициялық жоба іске қосылып, 894 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл жобалар аудан экономикасын әртараптандырумен қатар халықтың табысын арттыруға және жастардың жұмыспен қамтылуына оң ықпал етуде.

Ауыл шаруашылығы саласында да маңызды жобалар жүзеге асуда. Мал шаруашылығын өнеркәсіптік негізде дамытуға бағытталған заманауи бордақылау алаңдарының іске қосылуы өңірдің аграрлық әлеуетін күшейтіп, экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашуда.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту – Президент саясатының басты басымдықтарының бірі. Соңғы жылдары Сауран ауданында білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жаңа нысандар пайдалануға беріліп келеді. Өткен жылы екі жаңа мектептің, оңалту орталығының, мәдениет үйінің, кітапхананың және спорт кешенінің ашылуы – осы бағыттағы нақты жұмыстардың нәтижесі. Жыл соңына дейін тағы бір спорт кешенін пайдалануға беру жоспарланған.

Президент жастардың жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп келеді. Сондықтан, жаңа спорт және мәдениет нысандары өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, шығармашылық және спортпен айналысуына кең мүмкіндік береді.

Кездесуде өткен жылы көтерілген мәселелердің орындалу барысы да егжей-тегжейлі қаралды. Тұрғындар көтерген 10 мәселенің бесеуі толық шешіліп, қалғандары бойынша кезең-кезеңімен жұмыстар жүргізілуде. Электр желілері тартылып, тұрғын үйлердің құрылысы басталып, жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынған.

Бұл – халықпен кездесулердің тек пікір алмасу алаңы емес, нақты нәтижеге бағытталған жұмыс форматына айналғанының дәлелі.

Кездесу барысында тұрғындар оқушылар сарайын салу, елді мекендерді табиғи газбен толық қамту, қоғамдық көлік қозғалысын жетілдіру, интернет сапасын жақсарту және ауыл шаруашылығы саласына жеңілдетілген несие көлемін арттыру жөнінде ұсыныстарын айтты. Облыс әкімі барлық көтерілген мәселелер бойынша жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар беріп, олардың орындалуын жеке бақылауына алатынын жеткізді.

Бұдан кейін өткен жеке қабылдауда тұрғындардың тұрғын үй, жер, инфрақұрылым, әлеуметтік қызмет көрсету, кәсіпкерлік және білім беру салаларына қатысты өтініштері қаралды. Бірқатар мәселе сол күні шешімін тауып, қалғандары бойынша нақты іс-шаралар жоспары белгіленді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтің басты өлшемі – халықтың сенімі екенін әрдайым айтып келеді. Сондықтан, әрбір мемлекеттік органның жұмысы азаматтардың нақты мәселелерін шешуге бағытталуы тиіс. Түркістан облысында қалыптасқан халықпен тұрақты кездесу және жеке қабылдау тәжірибесі осы қағидаттың тиімді жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

Сауран ауданындағы кездесу де, Президент айқындаған «Әділетті Қазақстан» қағидаттарының өңірлерде жүйелі орындалып жатқанын, халықтың ұсыныстары мемлекеттік шешім қабылдау үдерісінің маңызды бөлігіне айналғанын көрсетті. Бұл – өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, инвестициялық белсенділікті арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі саясаттың нақты нәтижесі.

Алдағы кезеңде де, Мемлекет басшысының стратегиялық бастамалары негізінде Түркістан облысында жаңа өндірістер ашу, ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді. Халық пен билік арасындағы ашық диалог пен өзара сенім осы мақсаттарға жетудің басты тетігі болып қала береді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *