Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдаулары мен халыққа арнаған үндеулерінде мемлекеттік қаржының тиімді жұмсалуы, бюджет кірістерін арттыру, салықтық тәртіпті нығайту және азаматтардың заң алдындағы жауапкершілігін күшейту мәселелеріне тұрақты түрде басымдық беріп келеді. Осы бағыттағы мемлекеттік саясатты іске асыру аясында Сауран ауданында салықтық міндеттемелерді орындау және бюджетке түсетін түсімдерді қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Атап айтқанда, аудан аумағында көлік құралдары салығы бойынша қалыптасқан берешектерді өндіру мақсатында полиция қызметкерлері мен мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары бірлескен іс-шара ұйымдастырды. Кезекті жұмыстар Ескі Иқан және Шаға ауылдық округтерінде жүргізілді.
Іс-шара барысында көлік салығы бойынша берешегі бар азаматтар анықталып, оларға қолданыстағы заңнама талаптары түсіндірілді. Мамандар тұрғындарға салықтық міндеттемелерді уақытылы орындаудың маңыздылығын айтып, қалыптасқан берешекті белгіленген мерзімде ерікті түрде өтеу қажеттігін ескертті.
Салықтық тәртіпті сақтау – мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершіліктің маңызды тетіктерінің бірі. Әрбір азаматтың салықты уақытылы төлеуі жергілікті бюджеттің тұрақты қалыптасуына ықпал етеді. Ал, бюджет қаражаты елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға, абаттандыруға, әлеуметтік нысандардың жұмысын қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында, мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырумен қатар, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану және кірістерді тұрақты қамтамасыз етуге ерекше мән берілуде. Осы тұрғыдан алғанда салықтық түсімдердің толықтырылуы – мемлекеттік саясаттың жергілікті деңгейде жүзеге асуының маңызды бағыттарының бірі.
Берешек белгіленген мерзімде өтелмеген жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәжбүрлеп өндіріп алу және тиісті шектеу шаралары қолданылуы мүмкін. Сондықтан, тұрғындарға салықтық берешекті дер кезінде тексеріп, оны өз еркімен өтеу ұсынылады.
Сонымен бірге, атқарылып жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты азаматтарға тек міндет жүктеу емес, салық мәдениетін қалыптастыру, құқықтық сауаттылықты арттыру және берешектің алдын алу болып табылады. Осыған байланысты мемлекеттік кірістер органдары мен құқық қорғау құрылымдарының бірлескен түсіндіру жұмыстарының маңызы зор.
Көлік салығы бойынша берешектерді өндіру және тұрғындарға заң талаптарын түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да, Сауран ауданының басқа ауылдық округтерінде жалғасатын болады.
Құрметті аудан тұрғындары!
Салықты уақытылы төлеу – заң талаптарын орындаудың және азаматтық жауапкершіліктің көрінісі. Көлік салығы бойынша берешегіңіз бар-жоғын алдын ала тексеріп, салықтық міндеттемелеріңізді дер кезінде орындауға шақырамыз.
Әрбір уақытылы төленген салық – жергілікті бюджеттің тұрақтылығына, ауданның дамуына және халықтың әл-ауқатын арттыруға қосылған нақты үлес.

