Қазақстанда педагог мәртебесін көтеру, мұғалімдердің кәсіби еңбегін бағалау және олардың құқықтық әрі әлеуметтік жағдайын жақсарту білім беру саясатының маңызды бағыттарының біріне айналды. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздар қауымына арналған сөзінде атап өтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің кәсіби және әлеуметтік мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстанда ұстаздардың беделін нығайтып, оларды жан-жақты қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы мұғалімнің қоғамдағы орнын күшейту білім сапасын арттырумен тікелей байланысты екенін атап өтті.
Педагогтердің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында «Педагог мәртебесі туралы» заң – ұстаз құқығын қорғаудың негізі. Қазақстанда «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды.
Мемлекет басшысының айтуынша, биыл аталған заңға толықтырулар енгізіліп, ұстаздарға қосымша құқықтық және әлеуметтік кепілдіктер берілді.
Бұл – педагогтің кәсіби қызметін қорғауға және мұғалімге өзінің негізгі міндеті – сапалы білім беруге көбірек көңіл бөлуге мүмкіндік беретін маңызды қадам. Мұғалімнің кәсіби беделі оның тек материалдық жағдайымен өлшенбейді. Педагогтің құқығы қорғалған, кәсіби шешіміне құрметпен қарайтын және еңбегі әділ бағаланатын орта қалыптастыру да ұстаз мәртебесінің маңызды бөлігі.
Педагог еңбегін мемлекеттік деңгейде бағалаудың тағы бір көрінісі – ұстаздардың кәсіби мерекесінің нақты белгіленуі. 5 қазан Қазақстанда ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде бекітілді. Сонымен қатар, мемлекеттік марапаттар тізіміне «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы енгізілді.
Мемлекет басшысының мәліметінше, бұл мәртебелі наградамен марапатталған педагогтерге қомақты сыйақы қарастырылған. Қазірдің өзінде 100-ге жуық мұғалім осы атаққа ие болған. Соңғы үш жылда еліміздің үш мұғаліміне ең жоғары мемлекеттік награда – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген. Бұл ұстаз еңбегінің ел болашағы үшін қаншалықты маңызды екенін көрсететін жоғары баға. Қазақстан мұғалім беделі бойынша жоғары көрсеткішке ие.
TALIS-2024, яғни Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының мұғалімдер мен мектеп басшыларының кәсіби жағдайын зерттеуге бағытталған халықаралық зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстан мұғалімдердің беделін нығайту көрсеткіші бойынша әлемде екінші орында тұрғанын атап өтті. Бұл көрсеткіш еліміздегі педагог мамандығына деген қоғамдық көзқарастың өзгеріп келе жатқанын көрсететін маңызды дерек ретінде бағаланады. Мұғалім беделінің жоғары болуы жас ұрпақтың педагог мамандығына қызығушылығын арттыруға да ықпал етеді.
Президент келтірген тағы бір маңызды көрсеткіш – мұғалімдердің өз еңбегіне деген қанағаттану деңгейі. Елімізде ұстаздардың еңбек жағдайына қанағаттануы артып келеді. TALIS-2024 зерттеуінің деректеріне сәйкес, Қазақстан ұстаздардың еңбек жағдайына қанағаттану көрсеткіші бойынша әлемдегі алғашқы бес мемлекеттің қатарына кіреді. Атап айтқанда, зерттеуге қатысқан мұғалімдердің 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын айтқан.
Ал, педагогтердің 80 пайызы мұғалім мамандығын қайта таңдауға дайын екенін жеткізген. Бұл – педагог кәсібінің қоғамдағы орны мен мамандыққа деген сенім деңгейін сипаттайтын маңызды көрсеткіштердің бірі.
Ұстаздың қоғамдағы мәртебесін көтеру – белгілі бір әлеуметтік топты қолдаумен ғана шектелмейді. Педагог мәртебесі – білім сапасымен тікелей байланысты. Мұғалімнің беделі жоғарылаған сайын оның кәсіби жауапкершілігі де артады. Өйткені, мектептегі білім сапасы ең алдымен педагогтің біліміне, кәсіби шеберлігіне және оқушымен жұмыс істеу қабілетіне байланысты. Заманауи мұғалім оқушыға дайын ақпарат беріп қана қоймай, оны ізденуге, талдауға, өз ойын еркін жеткізуге және алған білімін өмірде қолдануға үйретуі қажет. Сондықтан, педагогтің кәсіби дамуы, әдістемелік қолдауы және біліктілігін арттыруы білім беру реформаларының маңызды құрамдас бөлігі болып қала береді.
Педагог мәртебесін көтеруге бағытталған мемлекеттік саясат Сауран ауданындағы білім беру ұйымдары үшін де маңызды. Аудандағы мектептерде мұғалімдердің кәсіби дамуына, әдістемелік тәжірибе алмасуына және білім сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Жаңа оқу жылының басталуымен педагогтердің алдында оқушылардың білім нәтижесін арттыру, функционалдық сауаттылығын дамыту, мемлекеттік тілдегі білім сапасын күшейту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және бала тәрбиесіне жаңа тәсілдер енгізу сияқты міндеттер тұр. Бұл жұмыстардың барлығы педагогтің кәсіби шеберлігімен тікелей байланысты.
Ұстаз – баланың білім алуына ғана емес, оның тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін маман. Ұстазға құрмет – ұрпаққа құрмет. Мұғалім оқушыға білім берумен қатар, адалдықты, еңбекқорлықты, жауапкершілікті, заң мен тәртіпті құрметтеуді және қоғамға пайдалы азамат болуды үйретеді. Сондықтан, педагог мәртебесін көтеру – елдің адами капиталына жасалған инвестиция. Мемлекет тарапынан ұстазға көрсетілетін қолдау оның кәсіби мүмкіндігін арттырумен ұштасуы тиіс. Ал, қоғам тарапынан мұғалім еңбегіне құрмет болуы – білімді әрі саналы ұрпақ қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі.
Мемлекет басшысының ұстаздарға білдірген алғысы да осы еңбектің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Ұстаз мәртебесі жоғары қоғамда білімге деген құрмет те жоғары болады. Ал, білімге құрмет – елдің болашағына деген құрмет.
