КІТАП ОҚИТЫН ҰРПАҚ – КЕМЕЛ КЕЛЕШЕКТІҢ НЕГІЗІ

Сауран ауданының білім бөліміне қарасты М.Мәметова атындағы жалпы білім беретін мектебінде оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, оқу мәдениетін қалыптастыру және рухани-танымдық әлеуетін дамыту мақсатында «12 айда – 12 кітап» жобасы қолға алынды.

Аталған жоба – кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыруға, көркем әдебиет арқылы оқушылардың дүниетанымын кеңейтуге және олардың шығармашылық, сыни ойлау қабілеттерін жетілдіруге бағытталған маңызды бастама. Жоба аясында оқушылар жыл бойы әр ай сайын бір кітаптан оқып, шығарманың мазмұны мен идеялық ерекшелігін талдайды, кейіпкерлердің іс-әрекетіне баға беріп, өз пікірлерін ортаға салады.

Кітап оқу – баланың зияткерлік дамуының ғана емес, оның тұлғалық қалыптасуының да маңызды тетігі. Көркем шығарма оқушыны ізденуге, салыстыруға, ой қорытуға, өз көзқарасын дәлелдеуге үйретеді. Сонымен қатар, әдеби туындылар арқылы жас ұрпақ адамгершілік, отансүйгіштік, еңбекқорлық, жауапкершілік, достық пен ізгілік секілді құндылықтарды бойына сіңіреді.

Жоба шеңберінде мектепте «Оқырман клубы» құрылып, оның жұмысы жүйелі түрде ұйымдастырылмақ. Клуб мүшелері мұғалімдер мен оқушылардан жасақталып, оқылған шығармаларды талқылау, әдеби пікір алмасу, кітап таныстыру, оқырман конференцияларын, әдеби кештер мен түрлі шығармашылық кездесулер өткізу арқылы кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға үлес қосады.

«Оқырман клубының» басты ерекшелігі – мұнда оқушылар тек кітап оқып қана қоймай, өз ойын еркін жеткізуге, пікірін дәлелдеуге және өзгелердің көзқарасын құрметтеуге мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде олардың коммуникативтік дағдыларын жетілдіріп, қоғамдық ортада белсенді болуына ықпал етеді.

Жобаға ұстаздардың да белсенді қатысуы көзделіп отыр. Себебі, бала бойындағы кітапқа деген қызығушылықты арттыруда мұғалімнің жеке үлгісі ерекше маңызды. Кітап оқитын ұстаз – оқушыға бағыт-бағдар беріп, әдеби шығарманың тәрбиелік мәнін терең түсіндіре алатын тұлға. Сондықтан, мектеп ұжымы мен оқушылардың бірлесіп кітап оқуы білім беру ортасында ерекше рухани атмосфера қалыптастырады.

Жобаның әр айында оқырмандарға ұсынылған кітапты оқу, талдау және қорытындылау жұмыстары жүргізіліп, белсенді оқушылардың оқырмандық жетістіктерін атап өту де жоспарлануда. Мұндай жұмыстар оқушыларды кітап оқуға ынталандырып қана қоймай, олардың тұрақты оқу дағдысын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«12 айда – 12 кітап» жобасының негізгі идеясы – бір жыл ішінде кемінде он екі құнды шығарманы оқып, әр кітаптан жаңа ой, жаңа білім және жаңа тағылым алу. Өйткені, әрбір оқылған кітап – адамға ашылған жаңа әлем. Ал, кітап арқылы қалыптасқан білім мен рухани құндылық жас ұрпақтың болашақтағы өмірлік ұстанымына берік негіз болады.

Мектеп ұжымы ұстаздар мен оқушыларды аталған жобаға белсенді қатысуға шақырады. Ай сайын бір кітап оқу арқылы оқырмандық мәдениетті қалыптастырып, оқыған шығарманы бірге талқылап, әдеби орта қалыптастыру – ортақ мақсат.

Кітап – білімнің қайнар көзі, руханияттың темірқазығы. Кітап оқитын ұрпақтың ой-өрісі кең, танымы терең, болашағы жарқын болады. Сондықтан, «12 айда – 12 кітап» жобасы – оқушылардың сапалы білім алуына ғана емес, олардың рухани тұрғыдан кемелденуіне бағытталған тағылымды бастама.

Ай сайын – бір кітап.

Бір кітап – жаңа білім.

Жаңа білім – жаңа мүмкіндік.

Ал кітап оқитын ұрпақ – ел болашағының берік негізі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *