Аудан аумағында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындықты пысықтау, орын алуы ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алу және табиғи әрі техногендік сипаттағы апаттардың салдарын жою тетіктерін жетілдіру мақсатында «Көктем – 2026» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өткізілді. Азаматтық қорғау жүйесінің дайындығын жан-жақты тексеруге және жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіруге бағытталған шараға Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен аудан прокуроры Мырзахмет Утегенов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Ермеков қатысты.
Оқу-жаттығу барысында аудандық азаматтық қорғау және авариялық-құтқару қызметі қатарынан құрылған арнайы командалардың жетекшілері мен топ мүшелерінің қызметтік міндеттері нақтыланып, олардың төтенше жағдай кезіндегі әрекет ету алгоритмі пысықталды. Әсіресе, су тасқыны салдарын жоюға жұмылдырылатын арнайы техникалардың, су сору құрылғыларының, инженерлік жабдықтардың және жеке құрамның дайындығы жіті тексерілді. Шартты түрде орын алған апат аймағында барлау жүргізу, зардап шеккендерді эвакуациялау, су басқан аумақтан суды шығару, бөгеттерді бекіту секілді іс-қимылдар бойынша сұрақтар қойылды.
Сонымен қатар төтенше жағдай кезінде аса қажетті болып саналатын байланыс жүйесінің тұрақты жұмыс істеуі, тұрғындарды жедел құлақтандыру, азық-түлікпен және алғашқы қажетті заттармен қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету, қоғамдық тәртіпті сақтау мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл бағыттағы қызметтердің үйлесімді әрекеті ықтимал апат салдарын азайтуда шешуші рөл атқаратыны белгілі.
Аудан басшысы оқу-жаттығу алаңында жауапты сала жетекшілеріне қауіпті аймақтарды алдын ала анықтау, өзен-көл арналарының жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, гидротехникалық нысандардың беріктігін тексеру, инертті материал қорын жасақтау және эвакуациялық пункттердің дайындығын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бөлуді міндеттеп, төтенше жағдай туындаған сәтте ақпараттың жедел әрі нақты жеткізілуі – адам өмірін сақтап қалудың басты кепілі екені атап өтті.

