Астана қаласында 25–27 ақпан күндері аралығында өткен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы еркін күрестен Қазақстан Республикасының чемпионатында созақтық спортшы Мақсұт Ахмет табысты өнер көрсетті.
92 келі салмақ дәрежесінде белдескен Мақсұт ел біріншілігінде ІІІ орын иеленіп, Түркістан облысының намысын абыроймен қорғады.
Жарыс барысында өзінің жоғары дайындық деңгейін, қайсар мінезі мен шеберлігін айқын көрсетті.
Алғашқы белдесуінде Батыс Қазақстан облысының спортшысын сенімді түрде жеңді.
Екінші және үшінші кездесулерінде Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарының балуандарын айқын басымдықпен ұтты.
Ақтық сынға жолдама сарапқа салынған төртінші белдесуде Алматы қаласының спортшысына есе жіберді.
Үшінші орын үшін өткен тартысты кездесуде Солтүстік Қазақстан облысының спортшысын жеңіп, қола жүлдені иеленді.
Мақсұт Ахмет – Созақ аудандық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Жас спортшыны еркін күрестен бірнеше чемпион тәрбиелеген тәжірибелі бапкер Бейсембаев Бақытжан жаттықтырады.

