Сауран ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімдігінің кезекті мәжілісі өтті. Жиынды аудан әкімі Мақсат Таңғатаров ашып, жүргізді. Мәжіліске әкімдік мүшелері толық қатысып, күн тәртібіндегі екі өзекті мәселе талқыланды. Атап айтқанда, мүгедектігі бар азаматтарды жеке оңалту бағдарламасының орындалуы және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуінің алдын алу шаралары қаралды.
Алғашқы мәселе бойынша Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дәуірхан баяндама жасады. Ол мүгедектігі бар азаматтарды міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, техникалық оңалту құралдарын беру, протездік-ортопедиялық көмек көрсету және санаториялық-курорттық емдеуге жолдама беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Баяндамашы оңалту бағдарламасының орындалу барысын нақты деректермен баяндап, алдағы кезеңде қызмет сапасын арттыру, қолжетімділікті кеңейту бойынша жоспарлармен бөлісті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Шакиров Сұлтанғали баяндама жасады. Ол әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан тұрақтандыру шаралары туралы мәлімет берді. Атап айтқанда, сауда нысандарымен меморандумдар жасасу, тұрақтандыру қорлары арқылы тауар жеткізу, баға мониторингін тұрақты жүргізу жұмыстары сөз болды. Сонымен қатар, кәсіпкерлермен өзара іс-қимылды күшейту және тұрғындар үшін қолайлы баға саясатын қалыптастыру бағытындағы шаралар талқыланды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты қаралып, нақты ұсыныстар берілгенін атап өтті. Сондай-ақ бөлім басшыларына айтылған сын-ескертпелер мен ұсыныстар негізінде тиісті шешімдер қабылдап, олардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
