Бүгін Сауран ауданының Бабайқорған ауылдық округінде «Мөлдір бұлақ» экологиялық акциясы ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты бұлақ көздерін сақтау, олардың санитарлық жағдайын жақсарту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыру болып табылады.
Аталған ауылдық округ аумағында жалпы саны 4 бұлақ орналасқан. Акция аясындағы негізгі жұмыстар «Ұзын бұлақ» бұлағының бойында жүргізілді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров және ақсақалдар алқасының төрағасы Бердалы Баймұрадов қатысушылар алдында сөз сөйлеп, табиғи су көздерін қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Акцияға қатысушылардың белсенділігіне ризашылық білдірілді.
Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, белсенді жастар, ауыл тұрғындары және спортшылар қатысып, белгіленген аумақта тазалық жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде жалпы аудан ұзындығы 13 шақырымға жуық бұлақ арналары тазартылып, тұрмыстық қалдықтардан аршылды. Көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Экологиялық акция ауданның басқа да ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Атап айтқанда, Оранғай ауылдық округіне қарасты Бастандық елді мекенінде орналасқан 5 бұлақтың аумағында абаттандыру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілуде. Бұл жұмыстар тал егу, әктеу және санитарлық тазалауды қамтиды.
Майдантал ауылдық округінің Қаражон елді мекеніндегі «Құсшы» бұлағы аумағында да абаттандыру шаралары іске асырылуда. Сонымен қатар, Жаңа Иқан ауылында орналасқан «Суық бұлақ» аумағында 5 шақырым, «Самандар» аумағында 3 шақырым көлемінде тазалық жұмыстары қамтылды. Аталған жұмыстар бұлақ көздерінің айналасын ретке келтірумен қатар, олардың табиғи ағысын қалпына келтіруге бағытталды. Экологиялық акцияға барлығы 258 адам қатысып, 20 арнайы техника жұмылдырылды. Арнайы техникалардың қатысуы атқарылған жұмыстардың тиімділігі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

