САУРАН АУДАНЫНДА ЖАҢА ӨНДІРІС ОРНЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ

Сауран ауданы, Шаға ауылдық округінде «Euro Sandwich Panel» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірістік цехтарының металл қабырғалары мен сэндвич панель өндіретін жаңа зауыты іске қосылмақ. Аталған жоба өңірдің индустриялық дамуына серпін беріп, жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталған маңызды бастама.
Жобаның жалпы құны — 6,5 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын толық іске қосылған жағдайда 100 жаңа жұмыс орны ашылып, аудан тұрғындары тұрақты еңбекпен қамтылмақ. Өндірістік цехтарда құрылыс саласында кеңінен қолданылатын сапалы металл қабырғалары мен сэндвич панельдер өндірілетін болады.
Аталған өндіріс алаңында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы болып, жобаның жүзеге асу барысымен танысты. Сонымен қатар, нысанды Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовпен бірге аралап, өндіріс цехтарының құрылыс жұмыстары мен болашақ өндірістік қуаттылығын көрді.
Кездесу барысында жауапты мамандар жобаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылуы, өндірістік технологиялар және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелері туралы баяндады. Өз кезегінде аудан басшысы өңірде өндіріс орындарын көбейту, кәсіпкерлікті қолдау және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Айта кетейік, бұл жоба Сауран ауданындағы индустриялық әлеуетті арттыруға, құрылыс материалдары өндірісін дамытуға және жергілікті экономиканың өсуіне оң ықпал етпек.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *