ТҰРҒЫНДАР МЕН ЖАСТАРДЫ САҚТЫҚҚА ШАҚЫРАМЫЗ

Жаз мезгілі – демалыс пен серуеннің, табиғат аясында уақыт өткізудің ең қолайлы кезеңі. Күннің жылынуымен бірге тұрғындар өзен-көлдер мен су арналарының маңына жиі барады. Әсіресе балалар мен жастардың суға шомылуға деген қызығушылығы арта түседі. Алайда демалыстың қызығы қауіпсіздікпен ұштасқанда ғана мәнді болмақ.

Өкінішке қарай, жыл сайын судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамаудың салдарынан қайғылы жағдайлар орын алып жатады. Көп жағдайда мұндай оқиғалар ересектердің салғырттығынан, балаларды қараусыз қалдырудан немесе рұқсат етілмеген жерлерде шомылудан туындайды. Сондықтан су айдындарына барған әрбір адам қауіпсіздік талаптарына ерекше мән беруі қажет.

Балалардың қауіпсіздігі – ата-ананың басты жауапкершілігі. Бір сәттік бейқамдық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сол себепті балаларды су жағасында жалғыз қалдырмай, олардың қайда және қалай демалып жүргеніне назар аудару маңызды.

Жастарға да айтарымыз бар. Кейде батылдық пен ерлік ретінде көрінетін кейбір әрекеттер өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Терең жерге секіру, белгіленбеген аумақтарда шомылу немесе қауіпсіздік талаптарын елемеу ауыр салдарға әкелуі ықтимал. Нағыз жауапкершілік – өз өміріңе де, өзгелердің өміріне де құрметпен қарау.

Құрметті Сауран ауданының тұрғындары мен жастары!

Жазғы демалысты қауіпсіз өткізу – баршамызға ортақ міндет. Су айдындарында сақтық шараларын сақтап, балаларды бақылауда ұстап, қауіпсіздік талаптарын қатаң ұстанайық. Адам өмірінен қымбат ешнәрсе жоқ.

Әрбір сақталған өмір – бір отбасының қуанышы, бір шаңырақтың бақыты. Сондықтан қауіптің алдын алып, өзімізге де, өзгеге де жауапкершілікпен қарайық.

Сақтық – қауіпсіздіктің кепілі, ал қауіпсіздік – жарқын өмірдің негізі.

 

Қуанышбаев Мұхтар Өтепбергенұлы,

Сауран ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы азаматтық қорғау подполковнигі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *