Сауран аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен көрнекті журналист, публицист, қоғам қайраткері Байдулла Қонысбектің өмірі мен шығармашылық мұрасына арналған танымдық шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – қазақ журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан қаламгердің өнегелі өмір жолын насихаттау, оның шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа таныстыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу болды.
Шара барысында кітапханашы Ғазиға Іңкәрбекова Байдулла Қонысбектің өмірбаяны, еңбек жолы және публицистикалық қызметі жөнінде мазмұнды баяндама жасап, оның ел руханиятын дамытудағы еңбегіне жан-жақты тоқталды. Ал, кітапханашы Әсілхан Айнагүл қатысушыларға «Қазақ журналистикасының темірқазығы – Байдулла Қонысбек» атты кітап көрмесін таныстырып, көрмеге қойылған әдебиеттер мен мерзімді басылымдарға библиографиялық шолу жасады.
Кездесу барысында қаламгердің ұзақ жылдар бойы «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жемісті еңбек етіп, ел тарихын, ана тілімізді, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды кеңінен насихаттаудағы сүбелі үлесі ерекше аталып өтті. Сонымен қатар, оның шығармалары мен публицистикалық мақалаларының қоғамдық ойдың қалыптасуына және ұлттық сананың жаңғыруына қосқан ықпалы туралы пікірлер айтылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөздерінде ұлттық құндылықтарды сақтау, ана тілінің мәртебесін арттыру және жас ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғыдан тәрбиелеу мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы міндеттерді жүзеге асыруда қазақ журналистикасының көрнекті өкілдерінің мұрасын насихаттаудың маңызы зор.
Іс-шара соңында қатысушылар қаламгердің бай мұрасы қазақ журналистикасының алтын қорына енген құнды қазына екендігін атап өтіп, мұндай тағылымдық кездесулердің жастардың тарихи санасын қалыптастыруға және рухани дүниесін байытуға ықпал ететінін жеткізді. Байдулла Қонысбектің өнегелі өмір жолы мен шығармашылық еңбегі кейінгі буын журналистер үшін әрдайым үлгі болып қала бермек.
