САУРАНДА «ТІЛ ТАЗАЛЫҒЫ – ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ КЕПІЛІ» АТТЫ АКЦИЯ ӨТКІЗІЛДІ

Сауран аудандық Тілдерді оқыту және дамыту орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, тіл мәдениетін қалыптастыру және көрнекі ақпараттар мен жарнамалық мәтіндердің сауатты рәсімделуін қамтамасыз ету мақсатында «Тіл тазалығы – ұлттық мәдениет кепілі» атты акция өткізілді.

Іс-шара барысында аудан аумағындағы көрнекі ақпараттар, жарнамалар, маңдайшалар мен түрлі хабарландыру мәтіндерінің Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасына сәйкестігіне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлік нысандардың иелері мен жауапты тұлғаларға мемлекеттік тілде жазылған мәтіндердің сауаттылығы, орфографиялық және стилистикалық талаптарды сақтау мәселелері бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Акция аясында қатысушыларға мемлекеттік тілдің қоғам өміріндегі орны мен маңызы түсіндіріліп, ақпараттық кеңістіктегі тіл мәдениетін арттыру бағытындағы жұмыстардың өзектілігі кеңінен насихатталды. Сонымен қатар, көрнекі ақпараттарды ресімдеу кезінде жіберілетін қателіктерге талдау жасалып, оларды түзету жолдары көрсетілді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, оның қоғамдық қатынастардың барлық саласында кеңінен қолданылуын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Президенттің «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы тиіс» деген қағидаты мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған жүйелі жұмыстардың маңызын айқындайды.

Тіл тазалығы – ұлттық құндылықтарды сақтаудың, мәдени мұраны дәріптеудің және қоғамдық сананы жаңғыртудың маңызды тетігі. Көшелердегі, мекемелер мен кәсіпкерлік нысандардағы әрбір жазу халықтың тілге деген құрметін, мәдени деңгейін және азаматтық жауапкершілігін көрсетеді. Сондықтан мемлекеттік тіл нормаларын сақтау – әрбір азаматтың, әрбір мекеменің ортақ міндеті.

Аталған акция мемлекеттік тілдің беделін арттыруға, тілдік ортаның сапасын жақсартуға және қоғамда тіл мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама болды.

Алдағы уақытта да мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, көрнекі ақпараттардың сапасын арттыруға және тіл заңнамасының талаптарын түсіндіруге бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *