Сауран ауданы әкімдігі жанындағы Терроризмге қарсы комиссияның кезекті отырысы өткізіліп, экстремизм мен терроризмнің алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, этносаралық келісімді нығайту және террористік тұрғыдан осал объектілердің қорғалу деңгейін арттыру мәселелері жан-жақты қаралды.
Аталған жұмыстар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында айқындалған қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және азаматтардың бейбіт әрі қауіпсіз өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастыру жөніндегі басым міндеттерді іске асыру аясында жүзеге асырылуда. Президент өз сөздерінде экстремизм мен терроризмнің кез келген көріністеріне қарсы жүйелі күрес жүргізу, қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін бірнеше рет атап өткен болатын.
Комиссия отырысында күн тәртібіне сәйкес алғашқы мәселе бойынша Сауран ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Қалеке баяндама жасап, экстремизм мен терроризм белгілері бар саяси-қоғамдық тұрақсыздандыру әрекеттерінің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Баяндама барысында қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау, жастар арасында радикалды идеологиялардың таралуына жол бермеу, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы мәлімет берілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес аудан аумағында этносаралық және конфессияаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісім институттарының жұмысын жандандыру және ықтимал шиеленістердің алдын алу бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижелері талқыланды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Сауран аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Данияр Түймебаев террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалу жағдайы жөнінде баяндама жасады. Ол білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және халық көп шоғырланатын нысандарда жүргізілген тексерулердің нәтижелерін баяндап, анықталған кемшіліктер мен оларды жою бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берді.
Баяндамашы нысандардың қауіпсіздік жүйелерін жетілдіру, бейнебақылау құрылғыларының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, дабыл түймелері мен күзет жүйелерінің тиімділігін арттыру, сондай-ақ жауапты қызметкерлердің терроризмге қарсы дайындық деңгейін көтеру бағытындағы жұмыстарға тоқталды.
Отырыс барысында комиссия хатшысы Жанболат Сайлау терроризмге қарсы комиссияның алдыңғы отырыстарында берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу барысы туралы есеп беріп, олардың іске асырылу деңгейіне талдау жасады. Сонымен қатар, орындалуы бақылауда тұрған тапсырмалар мен өзекті мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Жиында Мемлекет басшысының «Заң және Тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру жөніндегі тапсырмаларына ерекше назар аударылып, құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі атап өтілді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі бағыттарын тиімді іске асыру мәселелері талқыланды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдар мен мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытындағы профилактикалық жұмыстарды күшейту, ақпараттық-түсіндіру іс-шараларының сапасын арттыру, террористік тұрғыдан осал объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ведомствоаралық өзара іс-қимылды жетілдіру жөнінде бірқатар міндеттер жүктелді.
Отырыс соңында қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық келісімді сақтау, терроризм мен экстремизмнің кез келген көріністеріне тосқауыл қою, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты бақылауда болып, жүйелі түрде жалғасатыны атап өтілді.
