Сауран ауданында құқық бұзушылық профилактикасын күшейту шаралары қаралды

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға комиссия мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, аудандық бөлімдер мен мекемелердің басшылары қатысып, өңірдегі қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы өзекті мәселелерді талқылады.

Аталған отырыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Президент өз Жолдауларында құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өткен болатын.

Күн тәртібіне сәйкес үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың профилактикасы, мал ұрлығының алдын алу және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарының барысы, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және отбасылық құндылықтарды нығайту бағытындағы жұмыстар талқыланды.

Алғашқы мәселе бойынша Сауран аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Данияр Түймебаев пен аудандық білім бөлімінің басшысы Ғани Әметбеков баяндама жасап, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімет берді. Баяндамаларда білім беру ұйымдарында құқықтық түсіндіру шараларын күшейту, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, ата-аналармен өзара байланысты нығайту және профилактикалық жұмыстардың сапасын арттыру мәселелері қозғалды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Данияр Түймебаев пен ветеринариялық қызмет өкілдері мал ұрлығының алдын алу шаралары және ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру жұмыстарының жай-күйі туралы баяндады. Мал шаруашылығы аудан экономикасының маңызды салаларының бірі болғандықтан, мал басын толық есепке алу, дерекқорға енгізу және бірдейлендіру жұмыстарын жүйелі жүргізудің маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, мал ұрлығының алдын алу бағытында құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылын күшейту қажеттігі айтылды.

Үшінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Асылбек Дауырхан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасылық құндылықтарды насихаттау және әлеуметтік қолдау шаралары жөнінде баяндама жасады. Отырыс барысында отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік тәуекел топтарымен тұрақты жұмыс жүргізу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құқық бұзушылықтың алдын алу – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Сондай-ақ, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың заң талаптарын сақтау деңгейін арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.

Отырыс қорытындысы бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді. Алдағы уақытта да аудан аумағында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес жүйелі түрде жалғасын табатын болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *