САУРАН АУДАНЫНДА «ҮЗДІК ПЕДАГОГ – 2026» КОНКУРСЫНЫҢ АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢІ ӨТЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласын дамыту мен педагог мәртебесін арттыру мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Президент өз Жолдауларында сапалы білім беру жүйесін қалыптастырудың басты шарты – кәсіби білікті әрі жаңашыл ұстаздар қауымын қолдау екенін атап өткен болатын. Осы бағыттағы мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында педагогтердің кәсіби шеберлігін ынталандыруға арналған «Үздік педагог» республикалық конкурсы дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Түркістан облысы білім басқармасына қарасты Сауран ауданының білім бөлімі Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2015 жылғы 16 қаңтардағы №12 бұйрығына және 2023 жылғы 2 маусымдағы №157 бұйрығымен енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2026 жылдың шілде айында аудан аумағындағы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру ұйымдарының педагогтері арасында «Үздік педагог» атағын беру конкурсының аудандық кезеңі өтетінін хабарлайды.

Конкурстың І кезеңі ағымдағы жылдың шілде айында ұйымдастырылып, оның қорытындысы бойынша облыстық кезеңге жолдама алатын үздік педагогтер анықталады. Байқау жыл сайын үш кезең бойынша – аудандық, облыстық және республикалық деңгейлерде өткізіледі.

«Үздік педагог» атағы білім беру ұйымдарының педагогтеріне конкурстық негізде беріледі. Аталған атақ бір педагогке он жыл ішінде бір реттен артық берілмейді. Конкурсқа білім беру ұйымдарының штаттағы педагогтері және құжат тапсыру сәтінде кемінде бес жыл үздіксіз педагогикалық өтілі бар мамандар қатыса алады.

Бұл байқау педагогтердің кәсіби жетістіктерін насихаттауға, инновациялық тәжірибелерін таратуға және білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды алаң болып табылады.

«Үздік педагог» конкурсы – ұстаздардың кәсіби біліктілігін бағалап қана қоймай, олардың шығармашылық ізденісі мен жаңашыл тәжірибесін кеңінен танытуға мүмкіндік беретін маңызды жоба. Сондықтан, аудан педагогтерін байқауға белсенді қатысып, өз тәжірибелерін ортаға салуға шақырамыз.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *