САУРАН ТҮЛЕКТЕРІ – БІЛІМ МЕН ЕҢБЕКТІҢ ЖАРҚЫН ҮЛГІСІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім мен ғылымды дамыту – елдің ұзақ мерзімді өркендеуінің басты кепілі екенін әрдайым атап келеді. Президенттің білім беру саласын жаңғыртуға бағытталған бастамалары жас ұрпақтың сапалы білім алып, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына кең мүмкіндік ашуда.

Мемлекет жүзеге асырып отырған білім беру саясатының негізгі мақсаты – сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу және адами капиталдың әлеуетін арттыру. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жүйелі реформалар мен қолдау шараларының нәтижесінде Сауран ауданында да білім сапасы артып, оқушылардың жетістіктері жылдан-жылға көбейіп келеді.

2025–2026 оқу жылы Сауран ауданының білім беру ұйымдары үшін жетістіктерге толы әрі нәтижелі жыл болды. Биыл аудан мектептерін 1745 түлек тәмамдап, үлкен өмірге жолдама алды. Олардың арасында үздік білім көрсетіп, оқу озаты атанған жастардың қатары айрықша көп.

Атап айтқанда, 148 түлек «Алтын белгі» төсбелгісінің иегері атанса, 132 түлек «Үздік аттестатқа» қол жеткізді. Бұл көрсеткіштер аудан мектептеріндегі білім сапасының жоғары деңгейде екенін және оқушылардың оқу процесіне жауапкершілікпен қарайтынын айғақтайды.

Түлектердің жоғары нәтижелері, «Алтын белгі» мен «Үздік аттестат» иегерлерінің көбеюі – білім беру саласында атқарылған жұмыстардың нақты көрсеткіші. Алдағы уақытта да, Мемлекет басшысының білім мен ғылымды дамытуға бағытталған тапсырмаларын жүзеге асыру арқылы жас ұрпақтың сапалы білім алып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасуына барлық жағдай жасала бермек. Бүгінгі білімді түлек – Қазақстанның ертеңгі жарқын болашағының кепілі.

Сонымен қатар, негізгі орта білім беру деңгейін аяқтаған 2115 тоғызыншы сынып оқушысының 241-і үздік аттестат иегері атанып, өздерінің білімге деген құштарлығы мен үздік оқу жетістіктерін дәлелдеді.

Бұл табыстар – оқушылардың қажырлы еңбегі мен талпынысының, педагогтердің кәсіби біліктілігі мен жанашырлығының, сондай-ақ ата-аналардың қолдауы мен сенімінің жемісі. Білім беру сапасын арттыру бағытында жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесі аудан көрсеткіштерінен айқын байқалады.

Бүгінгі түлектер – тәуелсіз еліміздің ертеңгі тірегі, ғылым мен білімнің, өндіріс пен кәсіпкерліктің, мемлекеттік қызмет пен қоғамдық өмірдің белсенді өкілдері. Сондықтан, олардың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуы – мемлекет дамуының маңызды факторы болып табылады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *