Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдаулары мен стратегиялық бастамаларында сапалы білім беру мен заманауи білім беру инфрақұрылымын дамытуды мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі ретінде айқындап келеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес елімізде мектептер салу, білім беру ұйымдарын жаңғырту және оқушыларға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Осы бағыттағы ауқымды жұмыстар Түркістан облысы көлемінде де қарқынды жалғасып келеді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров білім беру саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп, өңірдегі апатты, үш ауысымды және ыңғайластырылған мектептер мәселесін шешу бойынша нақты шараларды қолға алған.
2018–2025 жылдар аралығында облыста 185 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Оның ішінде 2018 жылы – 39, 2019 жылы – 26, 2020 жылы – 23, 2021 жылы – 37, 2022 жылы – 24, 2023 жылы – 22, 2024 жылы – 11 және 2025 жылы 3 мектеп ел игілігіне тапсырылды. Ал биылғы жылы 2 мектеп пайдалануға беріліп, қалған 6 мектеп пен 1 жатақхананы жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда.
Сонымен қатар, өңірде Жаңа буынды дамыту орталығының 4 нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жобалар балалардың сапалы білім мен қосымша дамыту қызметтеріне қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде облыста 1106 мектеп жұмыс істейді. Білім беру ұйымдарын жаңғырту мақсатында мектептерді реновациялау бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2025–2027 жылдары 115 мектепті жаңғырту көзделсе, өткен жылы 41 мектеп осы бағдарламаға енгізіліп, оның 26-сында жұмыстар толық аяқталды. Қалған нысандардағы жөндеу жұмыстары жалғасуда. Биыл тағы 38 мектепті реновациялау жоспарланған.
Жаңа оқу жылына дайындық аясында 125 мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, 110 білім беру нысанын қатты отыннан табиғи газбен жылыту жүйесіне көшіру жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Бұл шаралар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына жағдай жасауда.
Өткен жылы өңірде 33 білім беру нысанының құрылысы жүргізіліп, оның 29-ы Келешек мектептері ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Нәтижесінде апатты және үш ауысымды мектептердің саны едәуір қысқарып, оқушы орындарының тапшылығы азайды.
Қорыта айтқанда, Түркістан облысында білім беру саласын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар өңірдің әлеуметтік дамуына тың серпін беруде. Жаңа мектептердің салынуы, қолданыстағы білім беру ұйымдарының жаңғыртылуы және инфрақұрылымның жақсаруы өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына жол ашып, Президент белгілеген білімді ұлт қалыптастыру міндетін жүзеге асыруға қызмет етеді. Білімге салынған әрбір инвестиция – елдің ертеңіне, ұлттың жарқын болашағына салынған инвестиция.

