Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халық денсаулығын жақсарту мәселесін мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Президент өз Жолдауларында азаматтардың сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек алуын қамтамасыз ету, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту және медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру міндеттерін тұрақты түрде атап өтуде.
«Мықты ұлттың негізі – дені сау азаматтар» екенін айтқан Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға ерекше мән беріп келеді. Осыған сәйкес елімізде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және шалғай елді мекендердегі медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.
Осы бастамалар негізінде Түркістан қаласындағы «Конгресс Холл» кешенінде Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен қызметкерлері қатысып, өңір медицинасының дамуына елеулі үлес қосып жүрген үздік мамандар марапатталды.
Салтанатты шара барысында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, халық денсаулығын сақтау жолындағы адал еңбектері мен жауапкершілігі жоғары қызметтеріне алғыс білдірді. Сонымен қатар, өңірдегі денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, медицина қызметкерлерінің қоғамдағы айрықша рөлін атап өтті.
Іс-шара аясында 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстық негізгі медициналық көрсеткіштердің орындалуында жоғары нәтижелерге қол жеткізген Сауран аудандық емханасына жаңа қызметтік автокөліктің кілті табысталды. Бұл марапат – ұжымның кәсіби біліктілігі мен жауапты еңбегінің, сондай-ақ халыққа сапалы медициналық қызмет көрсету жолындағы жүйелі жұмысының нақты нәтижесі.
Сауран аудандық емханасына жаңа автокөліктің табысталуы – Президент тапсырмалары негізінде жүзеге асырылып жатқан денсаулық сақтау саласын дамыту саясатының нақты нәтижесі. Бұл көлік медициналық қызметтің жеделдігін арттырып қана қоймай, аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі жақсартуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанды құру жолында әрбір азаматтың денсаулығы мен әл-ауқаты басты назарда болуы тиіс» екенін атап өткен болатын. Осы міндеттерді жүзеге асыру бағытында Сауран ауданының медицина саласы тұрғындарға сапалы қызмет көрсету, профилактикалық жұмыстарды күшейту және халық денсаулығын нығайту жолында нәтижелі жұмыстар атқаруда. Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған қолдау мен медицина қызметкерлерінің кәсіби еңбегінің арқасында ауданның денсаулық сақтау саласында оң көрсеткіштер қалыптасып келеді.

.
