Сауранда мемлекеттік қызмет саласының үздік мамандары марапатталды

23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, Сауран ауданында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, мемлекеттік қызмет саласында абыройлы еңбек етіп жүрген қызметкерлерге құрмет көрсетілді. Мерекелік жиынға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров пен аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев қатысып, мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Салтанатты жиында мемлекеттік қызметтің қоғам өміріндегі стратегиялық маңызы, халық пен мемлекет арасындағы байланысты нығайтудағы рөлі, сондай-ақ, мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды. Мемлекеттік қызметтің басты қағидаттары саналатын заң үстемдігі, ашықтық, кәсібилік, жауапкершілік және азаматтардың мүддесіне адал қызмет ету құндылықтары ерекше атап өтілді.

Өз сөзінде аудан әкімі мемлекеттік қызметшілердің елдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы еңбегіне жоғары баға беріп, олардың мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтудағы маңызды миссиясына тоқталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік аппаратты жаңғырту, халыққа сапалы қызмет көрсету және мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру жөніндегі тапсырмаларының маңыздылығы атап өтілді.

Мерекелік жиын барысында мемлекеттік қызмет саласында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өз міндеттерін кәсіби әрі жауапкершілікпен атқарып жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаттары, Түркістан облысы әкімінің Алғыс хаттары, Сауран ауданы әкімінің Алғыс хаттары және Сауран аудандық мәслихаты төрағасының Алғыс хаттары табысталды.

Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етуге және мемлекеттік басқару жүйесінің тиімді қызмет етуіне елеулі үлес қосқан азаматтарға «Сауран ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі салтанатты түрде тапсырылды.

Іс-шара аясында мемлекеттік қызмет қатарына жаңадан қабылданған қызметкердің ант қабылдау рәсімі өткізіліп, мемлекеттік қызметтің мәртебесін арттыру, кадрлық әлеуетті нығайту және мемлекеттік қызмет жүйесін одан әрі жетілдіру бағытындағы негізгі міндеттер жөнінде баяндама жасалды.

Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын мереке иелеріне ізгі тілектер айтылып, олардың ел игілігі жолындағы адал еңбегіне ризашылық білдірумен қорытындыланды. Мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға және халыққа сапалы қызмет көрсетуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *