Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды сақтау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселелерін үнемі назарда ұстап келеді. Президент өз Жолдауларында мемлекеттік тілдің ұлтты ұйыстыратын негізгі фактор екенін атап өтіп, жастардың білімге құштарлығын арттыру, оқуға және ізденіске негізделген қоғам қалыптастыру қажеттігін бірнеше рет көтерген болатын.
Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан тіл саясатының басты мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, оның қоғамдық өмірдегі рөлін күшейту. Бұл бағыттағы жұмыстар ана тіліміздің ғылыми, мәдени және әдеби кеңістіктегі мүмкіндіктерін арттыруға жол ашуда. Ал, кітап оқу мәдениетін дамыту – тіл саясатының маңызды құрамдас бөлігінің бірі. Себебі, көркем әдебиет пен тарихи еңбектерді оқу арқылы азаматтардың тілдік сауаттылығы артып, ұлттық сана мен рухани құндылықтарға деген құрметі нығая түседі.
Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалардың өзегінде білімді, бәсекеге қабілетті және рухани тұрғыдан кемел ұрпақ қалыптастыру міндеті тұр. Осы тұрғыдан алғанда кітапхана қабырғасында өткен тағылымдық іс-шаралар жастардың тарихи танымын кеңейтіп қана қоймай, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға, білімге ұмтылысын күшейтуге және мемлекеттік тілді құрметтеу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Сауран өңірінің бай тарихи мұрасы мен рухани құндылықтарын насихаттау, өскелең ұрпақтың туған жер тарихына деген қызығушылығын арттыру, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Туған өлке тарихы әдебиетте» атты тағылымдық сағат ұйымдастырылды.
Іс-шара аясында Сауран өңірінің өткені мен бүгіні, тарихи тұлғалары, мәдени мұралары және киелі орындары туралы жазылған кітаптар мен әдеби шығармалардан арнайы көрме жасақталды. Көрмені кітапханашы Примханова Гүлжахан таныстырып, әрбір еңбектің тарихи-танымдық маңызына тоқталды. Ол әдеби шығармалар мен тарихи зерттеулердің туған өлкенің шежіресін сақтаудағы және жас ұрпақтың тарихи танымын кеңейтудегі рөлін атап өтті.
Тағылымдық кеш барысында Сауран аналар кеңесінің төрайымы Жұманова Нышанкүл сөз сөйлеп, туған жердің тарихын білу, ұлттық құндылықтарды құрметтеу және әдеби мұраларды насихаттау – жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды бағыттардың бірі екенін жеткізді. Сонымен қатар, ол жастарды кітап оқуға баулу, ана тілінің қадірін арттыру және ұлттық мәдениетті сақтау мәселелеріне ерекше тоқталды.
Іс-шарада Сауран ауданының тарихи-мәдени ескерткіштері, киелі орындары, өңірдің қалыптасу кезеңдері мен бүгінгі дамуы туралы мазмұнды пікірлер айтылып, аудан туралы жазылған ақын-жазушылардың шығармалары кеңінен таныстырылды. Әдеби туындылар арқылы туған жерге деген сүйіспеншілік, елдік рух пен ұлттық болмыстың мәні жан-жақты насихатталды.
«Туған өлке тарихы әдебиетте» атты тағылымдық сағат туған жердің тарихын әдебиет арқылы танытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және рухани сабақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды мәдени шара болды. Мұндай кездесулер жастардың тарихи жадысын қалыптастырып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, білім мен парасатты жоғары қоятын қоғам құру жолындағы игі бастамалардың жалғасы болып табылады.
