САУРАН: ХАЛЫҚПЕН КЕРІ БАЙЛАНЫС – МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ БАСТЫ БАСЫМДЫҒЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауларында мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, азаматтардың өтініштеріне жедел ден қою және халықпен ашық әрі сындарлы диалог орнату мәселелеріне ерекше мән берілген. Президент бастамашы болған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын қарау, олардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтарының бірі болып табылады. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүзеге асыру мақсатында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров аудан тұрғындарын жеке қабылдап, азаматтарды толғандырған бірқатар өзекті мәселелерді қарады.

Қабылдау барысында жұмыспен қамту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, білім беру саласына жұмысқа орналасу, қызметтік тұрғын үй беру, ауылдық елді мекендердің жол және көшелерді жарықтандыру мәселелері, жайылым жерлерді пайдалану, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту және әлеуметтік қолдау шараларына қатысты өтініштер мен ұсыныстар тыңдалды.

Тұрғын үй мәселесі бойынша жүгінген азаматтарға қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезектілік тәртібі жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, тұрғын үй жалдау ақысын субсидиялау тетіктері мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы жан-жақты ақпарат берілді.

Жұмыспен қамту бағытында көтерілген мәселелер бойынша азаматтардың біліктілігі мен мамандығына сәйкес бос жұмыс орындары ұсынылып, еңбек нарығының белсенді шараларына қатысу мүмкіндіктері түсіндірілді. Сондай-ақ, алдағы уақытта пайда болатын бос жұмыс орындары жөнінде тиісті мекемелер арқылы ақпарат берілетіні жеткізілді.

Ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын дамытуға қатысты көтерілген мәселелер де жан-жақты қаралды. Электр энергиясымен қамтамасыз ету, көшелерді жарықтандыру және жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында жүзеге асырылып жатқан жобалар мен жоспарланған жұмыстар бойынша тиісті түсіндірмелер берілді.

Жер қатынастары саласына қатысты көтерілген мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жайылым және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін беру тәртібі, конкурсқа қатысу талаптары мен заңнамада көзделген мүмкіндіктер туралы ақпарат ұсынылды.

Қабылдау қорытындысы бойынша азаматтар тарапынан көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктелді. Әрбір өтініштің орындалу барысы тұрақты бақылауда болып, заңнама талаптарына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.

Сауран ауданында тұрғындармен тұрақты кері байланыс орнату, олардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қою, әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді кезең-кезеңімен шешу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын іске асыру шеңберінде жүйелі түрде жүзеге асырылатын болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *