КЕНТАУ: ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ МЕН ҚАУІПСІЗДІГІ БАСТЫ НАЗАРДА

Кентау қалалық Полиция бөлімі мен Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен қала жастары мен жасөспірімдері арасында құқық бұзушылықтың, қылмыстың және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруінің алдын алу мақсатында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізілді.

Аталған шара Мемлекет басшысының жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Сонымен қатар, бұл жұмыстар Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаты мен «Қазақстан балалары» бағдарламасының негізгі міндеттерімен сабақтасып отыр.

Рейд барысында жастар көп шоғырланатын орындар, саябақтар, ойын-сауық мекемелері, дәмханалар және көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары араланып, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру фактілерінің алдын алу жұмыстары жүргізілді. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жастар ұйымдарының өкілдері жасөспірімдерге заң талаптарын сақтау, қоғамдық тәртіпті бұзбау, қауіпсіздік ережелерін сақтау және құқықтық жауапкершілік туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал ету, сондай-ақ қоғамдағы жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру. Мұндай профилактикалық шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, олардың қауіпсіз ортада тәрбиеленуіне және заңға құрметпен қарауына мүмкіндік береді.

Жастардың қауіпсіздігі мен құқықтарының қорғалуы – мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Сондықтан, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *