КЕНТАУДА «ТҮНГІ ҚАЛАДАҒЫ БАЛАЛАР» ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ІС-ШАРАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Кентау қаласында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың, қылмыстың және қараусыз қалудың алдын алу мақсатында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды.

Іс-шара Кентау қалалық полиция бөлімі мен Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бірлескен жоспары аясында өткізілді. Негізгі мақсат – жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқық бұзушылықтың алдын алу және кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз қоғамдық орындарда жүру фактілерін болдырмау.

Рейдтік жұмыстар барысында ойын-сауық орындары, қоғамдық тамақтану нысандары, саябақтар, көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары және жастар көп шоғырланатын аумақтар бақылауға алынды. Сондай-ақ, жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық әңгімелер жүргізіліп, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары мен кәмелетке толмағандардың құқықтары мен міндеттері туралы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыруға, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және қауіпсіз қоғамдық ортаны нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, іс-шаралар Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатына, сондай-ақ «Қазақстан балалары» бағдарламасының негізгі міндеттеріне сәйкес жүзеге асырылуда.

Мамандардың айтуынша, жасөспірімдердің қауіпсіздігі мен олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – құқық бұзушылықтың алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі. Осыған байланысты профилактикалық рейдтер мен ақпараттық-түсіндіру шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады.

Жастар қауіпсіздігі – қоғамның ортақ жауапкершілігі, ал заң талаптарын сақтау – әр азаматтың басты міндеті.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *