Мемлекет басшысы білім беру саласын дамыту мен әрбір балаға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасауды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Президент өз Жолдауларында ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасының алшақтығын азайту, білім беру инфрақұрылымын жаңғырту және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың бірі – «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры арқылы жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік маңызы зор жобалар.
Осыған орай, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысып, «Түркістан облысының мектептеріне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» қайырымдылық жобасын талқылады. Кеңес мүшелері аталған бастаманы қолдап, оның өңірдегі білім беру жүйесін дамытудағы нақты маңызын атап өтті.
Жиын барысында облыс әкімі Түркістан өңірінің демографиялық өсімі жоғары аймақ екенін және балалар саны бойынша республикада алдыңғы орында тұрғанын жеткізді. Оның айтуынша, «Қазақстан халқына» қоры құрылған күннен бастап өңір тұрғындарына нақты қолдау көрсетіп келеді. 2022 жылдан бері Түркістан облысында жалпы құны 12 миллиард теңгеден асатын қайырымдылық жобалары іске асырылып, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, спорт және мәдениет салаларына ауқымды қолдау көрсетілген.
Білім беру бағыты бойынша жүзеге асырылған жобалар ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға, тірек мектептердің әлеуетін арттыруға және оқушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік берді. Ендігі кезекте қолға алынатын жаңа жоба ауылдық білім беру ұйымдарының даму деңгейін жаңа сатыға көтеруге бағытталған.
Түркістан облысындағы 1106 мектептің 906-сы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл көрсеткіш өңірдегі білім беру саясатының негізгі басымдықтарының бірі ауыл мектептерін дамыту екенін көрсетеді. Халықаралық PISA зерттеулерінің нәтижелері ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапасында, әсіресе жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша белгілі бір айырмашылықтардың бар екенін аңғартады. Осыған байланысты, қор тарапынан облыстағы 100 ауылдық мектепті заманауи физика, химия және биология кабинеттерімен жабдықтауға 5,1 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу жоспарланып отыр.
Жоба аясында тек материалдық база жаңартылып қана қоймай, мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыруға да басымдық беріледі. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан 100 мектептің жөндеу жұмыстарына және 4600 педагог пен мектеп басшыларын оқытуға қажетті қаржы қарастырылған. «Білім-Инновация» халықаралық қорымен бірлесе отырып, педагогтерге үш жыл бойы менторлық қолдау көрсету жоспарланған.
Бұл бастама ауыл мектептеріндегі білім сапасын арттыруға, оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытуға және заманауи зертханалық құралдармен жұмыс істеу мүмкіндігін кеңейтуге ықпал етеді. Жоба ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы алшақтығын азайтып, өңірдегі дарынды оқушылардың әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді.
«Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асатын бұл жоба Мемлекет басшысы айқындаған білім беру реформаларының нақты көрінісі. Педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және сапалы білімге қолжетімділікті кеңейту арқылы өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына берік негіз қаланады.
