Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында білім беру саласын жетілдіруді басым бағыттардың бірі ретінде айқындап келеді. Президент өз Жолдауларында сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз ету, ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасындағы айырмашылықты азайту және өскелең ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыруда мемлекеттік қолдаумен қатар қоғамдық қорлар мен әлеуметтік серіктестердің де рөлі айрықша.
Осы орайда, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бейнебайланыс арқылы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысып, өңірдегі білім беру саласын дамытуға бағытталған маңызды бастаманы қолдады. Жиында «Түркістан облысының мектептеріне «Білім-Инновация» лицейлерінің тәжірибесін енгізу» қайырымдылық жобасы қаралып, Қамқоршылық кеңесі мүшелерінің оң бағасына ие болды.
Кеңес барысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бану Нұрғазиева мен қордың басқарма төрағасы Ләззат Чинкисбаева жобаның әлеуметтік маңыздылығына тоқталып, оның сапалы әрі тиімді жүзеге асырылуы қажет екенін атап өтті. Бұл бастама ауыл мектептерінің материалдық-техникалық әлеуетін арттырумен қатар, білім беру сапасын жақсартуға және педагогтердің кәсіби деңгейін көтеруге бағытталған.
Өңір басшысы өз сөзінде «Қазақстан халқына» қоры құрылған күннен бастап Түркістан облысының тұрғындарына нақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, демографиялық өсімі жоғары әрі балалар саны көп өңір ретінде Түркістан облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту мәселесі әрдайым өзекті болып келеді. 2022 жылдан бері қордың қолдауымен облыста жалпы құны 12 миллиард теңгеден асатын қайырымдылық жобалар жүзеге асырылып, олардың нәтижесінде білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, спорт және мәдениет салаларында ауқымды жұмыстар атқарылды.
Атап айтқанда, білім беру саласына 5,3 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін арттыру, арнайы білім беру ұйымдарын қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және талапты жастарға білім гранттарын ұсыну бағытында бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. Бұл бастамалар мыңдаған оқушының сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына мүмкіндік беріп келеді.
Жаңа жоба аясында Түркістан облысындағы 100 ауылдық мектепті заманауи физика, химия және биология кабинеттерімен жабдықтау жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа «Қазақстан халқына» қоры тарапынан 5,1 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Жоба ауылдық білім беру ұйымдарындағы материалдық-техникалық базаны нығайтып қана қоймай, оқушылардың жаратылыстану пәндерін терең меңгеруіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуына және заманауи технологияларды игеруіне жол ашады.
Бүгінде Түркістан облысында 1106 мектеп жұмыс істесе, оның 906-сы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл жалпы мектептердің 82 пайызын құрайды. Халықаралық PISA зерттеулерінің қорытындылары ауыл мен қала мектептері арасындағы білім сапасы көрсеткіштерінде белгілі бір айырмашылықтардың бар екенін көрсетіп отыр. Сондықтан, аталған жоба білім сапасындағы алшақтықты қысқартуға, ауыл оқушыларына сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасауға бағытталған маңызды қадам болып саналады.
Жобаны іске асыруға Түркістан облысының әкімдігі де белсенді қолдау көрсетуде. Облыстық бюджеттен 100 мектептің жөндеу жұмыстарына, сондай-ақ 4600 педагог пен мектеп басшыларын оқытуға қажетті қаржы бөлінген. Сонымен бірге, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорымен бірлесе отырып, мұғалімдерге үш жыл бойы менторлық қолдау көрсетіліп, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға жағдай жасалады.
Бұл бастама ауыл мектептерінің білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеріп, оқушылардың ғылыми әлеуетін дамытуға, педагогтердің кәсіби шеберлігін жетілдіруге және заманауи білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ең бастысы, ауыл балаларының сапалы білімге қолжетімділігін арттырып, олардың болашақта бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына негіз қалайды.
Қорытындылай келе, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен жүзеге асырылатын бұл жоба Мемлекет басшысы айқындаған білім беру саласындағы реформаларды іске асыруға тың серпін береді. Ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға бағытталған мұндай бастамалар еліміздің адами капиталын дамытуға, білім сапасын жақсартуға және Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыруға қызмет етеді.
