ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚҚА ҚАРСЫ ТҰРУ – ӘРБІРІМІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ

Соңғы уақытта қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жиі көтеріліп жүр. Бұл – бір отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Себебі, шаңырақтағы тыныштық пен береке бұзылса, оның зардабы балаларға да, болашаққа да әсер етеді.

Кейде адамдар зорлық-зомбылық дегенде тек ұрып-соғуды ғана түсінеді. Алайда адамның ар-намысына тиетін ауыр сөз айту, қорқыту, кемсіту, психологиялық қысым көрсету де зорлық-зомбылықтың бір түрі болып саналады. Мұндай жағдайлар отбасы мүшелерінің көңіл-күйіне әсер етіп, өзара сыйластықтың жоғалуына алып келеді.

Қазақ халқы қашанда отбасы құндылығын жоғары қойған. «Отан – отбасынан басталады» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан әрбір шаңырақта түсіністік, сабырлылық және құрмет болуы керек. Кез келген мәселені ашумен емес, ақылмен шешкен дұрыс.

Әсіресе, балалардың көзінше ұрыс-керіс шығару олардың тәрбиесі мен психологиялық дамуына кері әсер етеді. Бала көргенін қайталайды. Сондықтан, бүгінгі ұрпаққа жақсы тәрбие беру үшін ең алдымен өзіміз үлгі болуымыз қажет.

Зорлық-зомбылыққа тап болған адам үнсіз қалмауы керек. Көмек сұрау әлсіздіктің емес, өз құқығыңды қорғаудың белгісі. Әрбір азамат қауіпсіз өмір сүруге және құрмет көруге лайық.

Біздің мақсатымыз – жанжал мен зорлық-зомбылықсыз қоғам қалыптастыру. Ол үшін бір-бірімізге жанашырлықпен қарап, отбасындағы татулық пен сыйластықты сақтайық.

Бақытты отбасы – берекелі қоғамның негізі. Ал зорлық-зомбылыққа қоғам болып қарсы тұру – баршамыздың ортақ міндетіміз.

ИСАЕВА САҒЫНЫШ КӨШЕРБАЙҚЫЗЫ,

Карашык ауылдык окургі әкім аппаратының ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *