Жас ұрпақ – еліміздің болашағы. Сондықтан, олардың қауіпсіздігі мен дұрыс тәрбие алуына қоғам болып атсалысуымыз қажет. Бүгінде жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың, зиянды әдеттердің және түрлі қауіп-қатерлердің алдын алу маңызды мәселелердің бірі болып отыр.
Осыған байланысты, аудан көлемінде кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық сауаттылығын арттыру бағытында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Ең алдымен, заң талаптарына сәйкес кәмелетке толмаған жасөспірімдерге алкогольдік ішімдіктер мен темекі өнімдерін сатуға қатаң тыйым салынған. Дүкен иелері мен кәсіпкерлер бұл талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Себебі, ішімдік пен зиянды әдеттер жасөспірімдердің денсаулығына ғана емес, олардың болашағына да кері әсер етеді.
Сонымен қатар, соңғы уақытта жасөспірімдердің көлік құралдарын басқару жағдайлары да кездесіп жатады. Ата-аналар балаларына көлік пен мотоциклдің, мопедтің кілтін бермес бұрын оның салдарын ойлағаны жөн. Жол қозғалысы ережелерін білмей көлік басқару өз өміріне ғана емес, өзгенің өміріне де қауіп төндіреді. Өкінішке қарай, жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі қауіпсіздік талаптарының сақталмауынан орын алады.
Нашақорлық та қоғам үшін үлкен қауіп болып қала береді. Есірткіге бір рет әуестенудің өзі адам тағдырын түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін. Сондықтан, жастарды спортпен айналысуға, білім алуға және пайдалы істермен шұғылдануға бағыттау – баршамыздың міндетіміз.
Жаз мезгілінде ерекше назар аударатын тағы бір мәселе – судағы қауіпсіздік. Балаларды су айдындарына қараусыз жіберуге болмайды. Ата-аналар олардың қайда жүргенін бақылап, суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп отыруы қажет. Бір сәттік немқұрайлылық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
Құрметті ата-аналар! Балаларыңызға дұрыс тәрбие беріп, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көңіл бөліңіздер. Өйткені, бүгінгі жасөспірім – ертеңгі елдің тірегі. Ал олардың қауіпсіздігі мен жарқын болашағы бәрімізге ортақ жауапкершілік.
Жастарымыз жаман әдеттен аулақ болып, заңды құрметтеп, білім мен еңбекке ұмтылса ғана қоғамымыздың болашағы жарқын болады.
Баланың қауіпсіздігі – ата-ананың жауапкершілігі, қоғамның міндеті. Жастарымызды бірге қорғайық!
ИСАЕВА САҒЫНЫШ КӨШЕРБАЙҚЫЗЫ,
Карашык ауылдык окургі әкім аппаратының ұйымдастыру бөлімшесінің басшысы.
