Түркістан облысы, Сауран ауданының Жүйнек ауылынан шыққан жас дарын Маматжанов Атхамбектің республикалық IQanat олимпиадасында жоғары нәтиже көрсетіп, білім грантын жеңіп алуы – сапалы білім мен үздіксіз ізденістің жарқын жемісі.
Қазіргі таңда «Заңғар-М» мектеп-интернатының 8-сынып оқушысы Атхамбек оқу озаты ретінде танылып, ағылшын тілі мен математика пәндері бойынша түрлі олимпиадалар мен білім бәйгелерінде жүлделі орындарды иеленіп келеді. Оның жетістігінің негізінде білімге деген құштарлық, тұрақты ізденіс және кітап оқуға деген қызығушылық жатыр.
Кітап оқу – тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал ететін маңызды құндылықтардың бірі. Кітап арқылы оқушының ой-өрісі кеңейіп, дүниетанымы қалыптасады, сыни ойлау қабілеті дамиды. Бүгінгі таңда, білімді ұрпақ тәрбиелеу ісінде кітап оқуды насихаттау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Өйткені, кітаппен дос болған бала білімге жақын болып, өз болашағын саналы түрде қалыптастырады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың сапалы білім алуына, олардың зияткерлік әлеуетін дамытуға және кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударып келеді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – «Қазақстан балалары» бағдарламасы. Бағдарлама балалардың құқықтарын қорғаумен қатар, олардың білім алуына, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және жан-жақты тұлға болып қалыптасуына бағытталған.
«Қазақстан балалары» бағдарламасы аясында өскелең ұрпақтың сапалы білімге қол жеткізуіне, заманауи білім беру ресурстарын пайдалануына және кітап оқу мәдениетін дамытуға қолайлы жағдайлар жасалуда. Бұл өз кезегінде ауылдық жерлердегі талантты оқушылардың қабілетін шыңдап, олардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді.
IQanat олимпиадасы да осы мақсаттармен үндесетін ауқымды білім беру жобаларының бірі саналады. Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған бұл олимпиада дарынды балаларды анықтап, оларды қолдауға, білім деңгейін арттыруға және болашақта еліміздің жетекші жоғары оқу орындарына түсуіне жол ашады.
Маматжанов Атхамбектің жетістігі – кітапқа деген сүйіспеншіліктің, білімге деген табанды ұмтылыстың және жүйелі еңбектің нақты нәтижесі. Оның жеңісі ауыл жастарына үлгі болып қана қоймай, білім мен ғылым арқылы биік белестерді бағындыруға болатынын көрсетеді.
Бүгінгі таңда білімді ұрпақ – елдің стратегиялық капиталы. Сондықтан, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, балалардың білімге қызығушылығын арттыру және оларды қолдау бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың маңызы зор. Атхамбек секілді талапты жастардың жетістігі – Қазақстанның жарқын болашағының, білімді әрі бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жолындағы жүйелі жұмыстардың нақты көрінісі.
