САУРАНДЫҚ ОҚУШЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АБАЙ ОҚУЛАРЫ» БАЙҚАУЫНДА ЖҮЛДЕГЕР АТАНДЫ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында жастардың сапалы білім алуы, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және рухани мұраны насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Мемлекет басшысы «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу» екенін атап өтіп, өскелең ұрпақтың білімге құштарлығын арттыру мен интеллектуалды әлеуетін дамыту мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты екенін бірнеше рет айтқан болатын.

Осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Сауран ауданының білім саласында талантты әрі дарынды оқушылардың жетістіктері артып келеді.

21–24 маусым күндері Семей қаласында өткен республикалық «Абай оқулары» шығармашылық байқауында аудандық білім бөліміне қарасты А.Байтұрсынұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Ергешбай Гүлзат Қайратқызы жоғары нәтиже көрсетіп, «Сөз өнеріндегі ұлы Абай бейнесі» бағыты бойынша жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бұл байқау ұлы ақынның әдеби мұрасын кеңінен насихаттауға, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға, көркем сөз өнерін дәріптеуге және ұлттық руханиятқа деген құрметті қалыптастыруға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық жоба болып табылады.

Гүлзаттың жетістігі – оның әдебиет пен өнерге деген қызығушылығының, үздіксіз ізденісі мен білімге деген құштарлығының нәтижесі. Сонымен қатар, бұл жеңіс оқушының шығармашылық әлеуетін дамыту жолында аянбай еңбек еткен жетекшісі Жумагулова Жанар Әбдімәліковнаның кәсіби біліктілігі мен педагогикалық шеберлігінің жемісі саналады.

Мемлекет басшысы жастар тәрбиесінде ұлттық құндылықтар мен рухани мұраның орны ерекше екенін атап өтіп, Абай мұрасын терең зерделеу арқылы жас буынның дүниетанымын кеңейтіп, елжандылық қасиеттерін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталған болатын. Осы тұрғыдан алғанда, республикалық «Абай оқулары» байқауы – білім мен тәрбиені ұштастырған, ұлттық сананы нығайтатын тағылымы мол алаң.

Бүгінде елімізде білім беру саласын жаңғыртуға бағытталған реформалар мен Президент тапсырмалары аясында оқушылардың шығармашылық, ғылыми және зияткерлік әлеуетін дамытуға кең мүмкіндіктер жасалуда. Бұл жұмыстардың басты мақсаты – бәсекеге қабілетті, білімді, рухани бай және отаншыл ұрпақ тәрбиелеу.

Сауран ауданының оқушысы Ергешбай Гүлзат Қайратқызының республикалық байқауда жүлдегер атануы – аудан білімінің сапасын, жас ұрпақтың әдебиетке қызығушылығын және ұстаздар қауымының нәтижелі еңбегін айқын көрсететін маңызды жетістік. Бұл жеңіс ауданның ғана емес, өңірдің білім саласындағы табыстарының жарқын көрінісі болып табылады.

Жас дарынның жетістігі кітап оқу мәдениетін дамытуға, Абай мұрасын насихаттауға және өскелең ұрпақтың білімге ұмтылысын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижелерінің бірі ретінде бағаланады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *