Жас ұрпақтың сапалы білім алып, қауіпсіз ортада тәрбиеленуі мен жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау – мемлекет жүзеге асырып отырған әлеуметтік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі. Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру да осы маңызды бағыттың құрамдас бөлігі саналады. Себебі, жазғы кезең – оқушылардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың шығармашылық, спорттық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, бос уақытын мазмұнды өткізуге мүмкіндік беретін маңызды кезең.
Осыған сәйкес, Кентау қаласында оқушылардың жазғы демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыру мақсатында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қаладағы білім беру ұйымдары балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларды сауықтыру шараларымен қамтуға және жазғы кезеңде бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ерекше көңіл бөліп отыр.
Кентау қалалық білім бөлімінің мәліметінше, 2026 жылғы жазғы кезеңде бөлімге қарасты мектептердің 1–10 сыныптарында білім алатын 20 633 оқушының 8 942-сін, яғни 44 пайызын түрлі демалыс, сауықтыру, еңбек, шығармашылық және танымдық бағдарламалармен қамту жоспарланған. Бұл жұмыстар балалардың жас ерекшелігі мен қызығушылығын ескере отырып ұйымдастырылып, олардың жазғы демалысын барынша тиімді өткізуге бағытталған.
Жазғы сауықтыру жұмыстарының маңызды бағыттарының бірі – қала сыртындағы сауықтыру лагерьлері. Биыл бұл лагерьлерде 1 350 баланың демалуы жоспарланған. Оның ішінде 1 000 оқушы мемлекеттік тапсырыс аясында ұйымдастырылған сауықтыру лагерьлеріне жіберілсе, 350 бала ата-аналарының қолдауымен жекеменшік лагерьлерде тынығады. Ашық конкурс қорытындысы бойынша мердігер ұйым анықталып, балаларды лагерьлерге орналастыру жұмыстары маусым айынан басталды.
Сонымен қатар, қаладағы 23 мектептің базасында мектеп жанындағы лагерьлер ұйымдастырылды. Олар 25 мамыр мен 26 маусым аралығында жұмыс істеп, 7 500 оқушыны қысқа мерзімді бағдарламалармен қамтыды. Бұл лагерьлерде балалардың қауіпсіздігі толық қамтамасыз етіліп, тәрбиелік, мәдени, танымдық және спорттық бағыттағы түрлі іс-шаралар өткізілді.
Мектеп жанындағы лагерьлердің басты ерекшелігі – балалардың бос уақытын қауіпсіз ортада ұйымдастыра отырып, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдай жасау. Осы мақсатта арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына бірыңғай жұмыс жоспары жолданды. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай, лагерьлердің бағдарламалары мазмұндық жағынан толықтырылып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, патриоттық тәрбиеге, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға арналған шаралар ұйымдастырылды.
