Жазғы демалысты ұйымдастырудағы басты басымдықтардың бірі – балалардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету. Осы мақсатта барлық лагерьлерде жедел мониторинг топтары құрылып, демалыс орындарының қызметі тұрақты бақылауға алынды. Өрт қауіпсіздігі, судағы қауіпсіздік, жол қозғалысы ережелерін сақтау, санитарлық талаптардың орындалуы, медициналық қызмет көрсету және психологиялық қолдау мәселелері жүйелі түрде қадағаланды. Әрбір ұйымдастырылған іс-шарада «Заң мен тәртіп» қағидаты басшылыққа алынып, балалардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған барлық қажетті профилактикалық және ұйымдастырушылық шаралар іске асырылды.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін балаларды жазғы демалыспен қамту мәселесі де ерекше назарда болды. Биыл мектепішілік және қалалық есепте тұрған 91 оқушыны түрлі сауықтыру және тәрбиелік шаралармен қамту жоспарланып отыр. Олар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастырылып, психологиялық сүйемелдеу, әлеуметтік қолдау және тәрбиелік бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Бұл бастамалар әрбір баланың сапалы демалысқа қол жеткізуіне және олардың әлеуметтік бейімделуіне оң ықпал етуде.
Жаз мезгілінде қосымша білім беру ұйымдарының қызметі де қарқын алды. Кентау оқушылар үйінде маусым және шілде айларында 19 үйірме мен 2 аула клубы жұмыс жүргізуде. Шахмат, би, театр өнері, ағылшын тілі, домбыра, жас актер, жас эколог, робототехника, волейбол, каратэ, тоқыма және басқа да бағыттар бойынша ұйымдастырылған үйірмелерге 500-ге жуық баланы тарту жоспарланған. Мұндай жұмыстар оқушылардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, жаңа дағдыларды меңгеруіне және болашақ мамандығын саналы таңдауға негіз қалайды.
Жазғы демалыс басталар алдында барлық білім беру ұйымдарында қауіпсіздік мәселелеріне арналған кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілді. «Адал ата-ана – Қауіпсіз балалық шақ» тұжырымдамасы аясында 10 823 ата-ананың қатысуымен жиналыстар ұйымдастырылып, бала қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ата-аналардың жауапкершілігі, құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ жазғы кезеңдегі сақтық шаралары жан-жақты түсіндірілді. Кездесулер барысында балалардың көшедегі, судағы, жолдағы және интернет кеңістігіндегі қауіпсіздігіне ерекше назар аударылып, ата-аналарға нақты ұсыныстар берілді. Бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, балалардың қауіпсіз әрі мазмұнды демалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
