КЕНТАУДА МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУДЕГІ ТІЛ ОҚЫТУДЫҢ ТИІМДІ ТӘСІЛДЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Елімізде білім беру жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайтуға және жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Осы мақсатта, Кентау қалалық Тілдерді оқыту және дамыту орталығы «Мектепке дейінгі мекемелерде тілді оқытуда тиімді әдістерді қолдану тәсілдері» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Іс-шара мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері мен сала мамандарының басын қосып, тілдерді оқытудың жаңа әдістемелерін талқылауға, өзара тәжірибе бөлісуге және білім беру үдерісін жетілдіруге арналды.

Дөңгелек үстелдің модераторы Тілдерді оқыту және дамыту орталығының директоры Утепбаева Ақмарал Әбдірашидқызы болды. Ол өз сөзінде мектепке дейінгі кезеңде тілдік дағдыларды қалыптастырудың маңыздылығына тоқталып, педагогтердің кәсіби ізденісі мен үздік тәжірибелерді ортаға салуы білім беру сапасын арттырудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Қазіргі таңда білім беру жүйесінде баланың жас ерекшелігіне сай оқыту әдістерін қолдану, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және көптілді білім беру қағидаттарын тиімді үйлестіру өзекті мәселе екеніне назар аударды.

Іс-шара барысында өзекті тақырыптарды қамтыған мазмұнды баяндамалар ұсынылды. Тоғұмбетова Балнұр Әлімбекқызы «Мектепке дейінгі балалардың сөйлеу тілін қалыптастырудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында баяндама жасап, баланың сөздік қорын байыту, байланыстырып сөйлеу дағдыларын жетілдіру, көркем әдебиет пен ойын технологияларын тиімді пайдалану жолдарын жан-жақты түсіндірді. Ол тіл дамыту жұмыстарының жүйелі ұйымдастырылуы баланың еркін қарым-қатынас жасау қабілетін қалыптастыратынын атап өтті.

Асханова Жайсанкүл Инятханқызы «Ахмет Байтұрсыновтың тілді оқыту әдістемесіне қосқан үлесі» тақырыбында баяндама жасап, ұлт ұстазының ғылыми-әдістемелік мұрасына кеңінен тоқталды. Баяндамашы Ахмет Байтұрсыновтың ана тілін оқытудағы қағидаттары бүгінгі білім беру жүйесінде де өз құндылығын сақтап отырғанын айтып, оның әдістемелік тұжырымдары жас ұрпаққа сапалы тілдік білім беруде маңызды негіз болып қала беретінін жеткізді.

Омарбек Мөлдір Абдуәліқызы мектепке дейінгі ұйымдарда орыс тілін оқытудың тиімді әдістері туралы баяндама жасап, ойын элементтері,  цифрлық ресурстар және интерактивті технологияларды қолданудың артықшылықтарына тоқталды. Ал, Садирханова Зилола Тажитдинқызы мектепке дейінгі ұйымдарда ағылшын тілін оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін таныстырып, баланың қызығушылығын арттыру арқылы тіл меңгертудің тиімді жолдарын тәжірибелік мысалдармен түсіндірді.

Дөңгелек үстел барысында қатысушылар мектепке дейінгі ұйымдардағы тілдерді оқыту үдерісінде кездесетін өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдары жөнінде пікір алмасты. Педагогтер өздерінің тәжірибесінде қолданып жүрген озық әдістемелермен бөлісіп, әріптестерімен кәсіби байланыстарын нығайтты. Оқыту  сапасын арттыру, инновациялық технологияларды кеңінен енгізу және әдістемелік жұмыстарды жетілдіру бағытында нақты ұсыныстар айтылды.

Іс-шара соңында қатысушылар дөңгелек үстелдің мазмұнды әрі нәтижелі өткенін атап өтіп, мұндай кәсіби кездесулерді алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастырудың маңыздылығын жеткізді. Себебі, сапалы мектепке дейінгі білім беру – елдің зияткерлік әлеуетін арттырудың, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеудің берік негізі.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *