Жазғы демалыс кезеңінде балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдаулары мен тапсырмаларында өскелең ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және қолайлы орта қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Сауран ауданы аумағында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, жол-көлік оқиғаларын болдырмау, судағы қауіпсіздікті сақтау және балалардың заң талаптарын орындауын қамтамасыз ету бағытында кезекті рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізілді.
Аталған іс-шаралар Қазақстан Республикасында балалардың құқықтарын қорғауға және олардың жан-жақты дамуына бағытталған «Қазақстан балалары» бағдарламасының негізгі мақсат-міндеттерімен үндеседі. Бағдарлама аясында балалардың қауіпсіздігін күшейту, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық сауаттылығын арттыру және қауіпсіз орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Рейд барысында аудан аумағындағы қоғамдық орындар, саябақтар, көшелер, ойын алаңдары мен халық көп шоғырланатын аумақтар араланып, жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар балалардың жазғы демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтауының маңыздылығына тоқталып, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін кеңінен түсіндірді.
Іс-шара барысында кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта заңды өкілдерінің қарауынсыз жүруге болмайтыны, қоғамдық тәртіпті сақтау қажеттігі және құқық бұзушылықтардың заң аясындағы салдары туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар, соңғы уақытта жиілеп кеткен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жасөспірімдерге көлік құралдарын заңсыз басқарудың қауіптілігі түсіндірілді. Әсіресе, кәмелет жасына толмаған балалардың мопед, скутер, мотоцикл және автокөлік басқаруы өз өміріне ғана емес, өзге азаматтардың қауіпсіздігіне де үлкен қауіп төндіретіні ескертілді.
Сондай-ақ, жазғы шомылу маусымына байланысты судағы қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Балаларға рұқсат етілмеген орындарда суға түспеу, үлкендердің қарауынсыз су айдындарына бармау және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігі түсіндірілді. Өйткені, қауіпсіздік ережелерін сақтамау қайғылы жағдайларға алып келуі мүмкін.
Рейд барысында ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың жүріс-тұрысын бақылау, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, заң талаптарын сақтау және құқықтық жауапкершілікті арттыру жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Себебі, бала тәрбиесі мен қауіпсіздігі – ең алдымен отбасының міндеті болса, оны қолдау – қоғам мен мемлекеттің ортақ жауапкершілігі.
Мемлекет басшысы балалардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау мәселесі әрдайым ерекше бақылауда болуы тиіс екенін атап өткен болатын. Осыған сәйкес, Сауран ауданында жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, қауіпсіз өмір салтын насихаттау және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты жалғасатын болады.
Өйткені, бүгінгі жас ұрпақ – Қазақстанның жарқын болашағы. Ал олардың өмірі мен денсаулығын қорғау, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру – мемлекет пен қоғамның басты міндеті және ортақ парызы.

