КЕНТАУ: ЛУДОМАНИЯНЫҢ АЛДЫН АЛУ – ӨСКЕЛЕҢ ҰРПАҚТЫ ҚОРҒАУДЫҢ МАҢЫЗДЫ БАҒЫТЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастарды зиянды әдеттерден қорғау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сапалы білім мен саналы тәрбие беру мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Президенттің тапсырмасымен қабылданған «Қазақстан балалары» бағдарламасы да балалар мен жасөспірімдердің құқықтарын қорғауға, олардың қауіпсіз ортада өмір сүруіне, сапалы білім алуына және жан-жақты дамуына бағытталған маңызды бастама ретінде жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда құмар ойындарға тәуелділік, яғни лудомания мәселесі қоғамдағы өзекті әлеуметтік проблемалардың біріне айналып отыр. Бұл індет адамның қаржылық жағдайына ғана емес, оның психологиялық саулығына, отбасылық қарым-қатынасына және қоғамдағы белсенділігіне де кері әсерін тигізеді. Сондықтан, лудоманияның алдын алу, әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады.

Осы міндеттерді іске асыру аясында Кентау қалалық «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен тұрғындар арасында лудоманияның алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Іс-шара барысында азаматтарға құмар ойындарға тәуелділіктің қоғам мен отбасыға тигізетін кері әсері, әлеуметтік және қаржылық зардаптары, сондай-ақ тәуелділіктің алдын алу жолдары туралы жан-жақты мәліметтер берілді.

Түсіндіру жұмыстары кезінде тұрғындарға қаржылық сауаттылықты арттырудың маңызы, интернет арқылы заңсыз ойындарға қатысудың қауіптері, жеке қаражатты тиімді басқару, бос уақытты пайдалы өткізу және салауатты өмір салтын ұстанудың артықшылықтары жөнінде кеңестер ұсынылды. Сонымен қатар, жастарға кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, білім мен ғылымға ұмтылу, спортпен шұғылдану және қоғамдық өмірге белсенді араласу арқылы түрлі тәуелділіктерден сақтануға болатыны түсіндірілді.

Іс-шара аясында арнайы дайындалған ақпараттық парақшалар таратылып, лудоманияның негізгі белгілері мен оның алдын алу тетіктері кеңінен насихатталды. Мамандар жастар мен тұрғындарға тәуелділіктің алғашқы белгілерін дер кезінде анықтаудың және психологиялық көмекке жүгінудің маңыздылығын атап өтті.

«Қазақстан балалары» бағдарламасының негізгі мақсаттарының бірі – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау және зиянды әрекеттердің алдын алу. Осы тұрғыдан алғанда, лудоманияның алдын алуға бағытталған мұндай профилактикалық шаралар бағдарламаның негізгі міндеттерімен үндесіп, өскелең ұрпақтың саналы әрі жауапты азамат болып қалыптасуына ықпал етеді.

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, кітап оқу мен білімге ұмтылу мәдениетін қалыптастыру – тәуелділіктің кез келген түрінің алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Сондықтан, бұл бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, қоғамда жауапты өмір салтын қалыптастыруға өз үлесін қоса береді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *