ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН ДІН – ЕГІЗ ҰҒЫМ

Қазақ халқы ғасырлар бойы ұлттық салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарын сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етіп жеткізіп келеді. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, тәлім-тәрбиесі мен адамгершілік қағидалары ислам дінінің құндылықтарымен сабақтасып, бір-бірін толықтырып отырған.

Ұлттық құндылықтар – халықтың рухани болмысы мен мәдени мұрасы болса, дін – адамды ізгілікке, мейірімділікке, адалдық пен жауапкершілікке тәрбиелейтін рухани тәрбие мектебі. Сондықтан қазақ қоғамында дін мен дәстүр бір-біріне қарсы ұғым емес, керісінше өзара үндесіп жатқан егіз құндылықтар ретінде қалыптасты.
Қазақ халқы қашанда үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, ата-ананы сыйлауды, көршімен тату болуды, жетім-жесірге қамқорлық жасауды басты құндылық санаған. Бұл қасиеттердің барлығы ислам дінінің негізгі қағидаларымен үйлеседі. Сондай-ақ халқымыздың асар жасау, аманатқа қиянат жасамау, қонақжайлық таныту, жеті атасын білу сияқты дәстүрлері де ұлттың рухани тәрбиесінің маңызды бөлігі болып табылады.
Бүгінгі таңда ұлттық құндылықтарды сақтау мен дәріптеу ерекше маңызға ие. Өйткені жаһандану дәуірінде жастардың өз тамырынан ажырап қалмауы, ұлттық болмысын сақтауы – қоғамның маңызды міндеттерінің бірі. Осы тұрғыдан алғанда дін мен дәстүрдің сабақтастығын түсіндірудің мәні зор.
Әсіресе жастар халқымыздың салт-дәстүрлерін құрметтеп, ұлттық мәдениетімізді дәріптеуге ерекше көңіл бөлуі қажет. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, рухани тәрбиесі берік жас ұрпақ елдің жарқын болашағының кепілі болмақ.
Бабаларымыздан мирас болып қалған асыл құндылықтарды сақтау – әрқайсымыздың парызымыз. Ұлттық дәстүріміз бен дінімізді қатар дәріптеу арқылы қоғамдағы татулықты, бірлікті және рухани тұрақтылықты нығайта аламыз.
Ұлттың ұлылығы – оның құндылықтарында. Ал ұлттық құндылық пен дінге құрмет – болашақ ұрпаққа қалдырар ең қымбат мұра.

Әшірбай Сұлтанбай Берікбайұлы,
Сауран аудандық «Руханият және талдау» орталығы КММ-нің басшысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *