СОЗАҚ: ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ДЕГЕН СЕНІМ – САПАЛЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІҢ НЕГІЗІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру және азаматтардың медицина саласына деген сенімін нығайту мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осы міндеттерді іске асыру аясында медициналық ұйымдарда пациентке бағдарланған қызмет көрсету, ашықтықты қамтамасыз ету және кері байланысты күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Денсаулық сақтау саласында көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттырумен қатар, халықтың медицина қызметкерлеріне деген сенімін нығайту басым бағыттардың бірі болып табылады. Бұл мақсатқа қол жеткізуде медициналық ұйымдардың ашықтығы, басшылықтың тұрақты бақылауы және пациенттермен тиімді кері байланысты жолға қою ерекше маңызға ие.

Осыған орай, Созақ аудандық орталық ауруханасының басшысы Нұрлан Бердімұратов Төреханұлы бөлімшелерді жоспарлы түрде аралап, олардың жұмыс барысымен танысты.

Аралау барысында бөлімшелердің санитариялық жағдайы, медициналық көмектің көрсетілу сапасы, емдеу үдерісінің ұйымдастырылуы, пациенттерге жасалған жағдай, медициналық жабдықтардың жай-күйі және медицина қызметкерлерінің еңбек тәртібі жан-жақты зерделенді. Сонымен қатар, бөлімшелердің күнделікті жұмысын жетілдіру, ішкі тәртіпті сақтау және пациенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Аурухана басшысы стационарда ем қабылдап жатқан пациенттермен жеке кездесіп, олардың денсаулық жағдайына, көрсетіліп жатқан медициналық көмектің сапасына қатысты пікірлері мен ұсыныстарын тыңдады. Азаматтар тарапынан көтерілген мәселелер жауапты мамандардың назарына алынып, оларды уақытылы шешуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.

Жоспарлы аралау барысында бөлімше меңгерушілері мен жауапты қызметкерлерге медициналық көмектің сапасын одан әрі жақсарту, санитариялық талаптарды қатаң сақтау, қызмет көрсету мәдениетін арттыру және еңбек тәртібін күшейту бойынша нақты міндеттер жүктелді.

Мұндай жоспарлы аралаулар медициналық ұйым қызметінің тиімділігін арттырумен қатар, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын тұрақты бақылауға, туындаған мәселелерді дер кезінде анықтап, жедел шешуге мүмкіндік береді. Ең бастысы, мұндай кездесулер дәрігер мен пациент арасындағы өзара сенімді нығайтып, тұрғындардың денсаулық сақтау жүйесіне деген оң көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.

Басты мақсат – әрбір пациентке сапалы, қауіпсіз және қолжетімді медициналық көмек көрсету. Осы бағыттағы жұмыстар Созақ аудандық орталық ауруханасында алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, халықтың медицина қызметкерлеріне деген сенімін арттыруға және медициналық қызмет көрсету сапасын одан әрі жетілдіруге бағытталады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *