Кентау қаласының білім бөлімі тарапынан 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша жазғы демалысты тиімді ұйымдастыру және мектеп бітіру іс-шараларын жоғары деңгейде өткізу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілді.
2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша, қаладағы 31 жалпы білім беру ұйымында барлығы — 22 133 білім алушы білім алды. Оқу жылын 9-сынып бойынша — 1 780 оқушы, ал 11-сынып бойынша — 1 077 түлек аяқтады.
Бітіруші түлектердің білім сапасын айқындайтын көрсеткіштер бойынша 104 түлек «Алтын белгі» белгісіне үміткер, ал 84 түлек «Үздік аттестат» иегері атануға үміткер ретінде тіркелді.
Оқу жылының қорытындысы бойынша, ҰБТ-ға қатысу үшін 1 055 түлек өтініш беріп, олардың 94 пайызы тестілеуге қатысты. ҰБТ-ға қатыспаған 74 түлекпен жеке жұмыс жүргізіліп, оларды техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына, жоғары оқу орындарына, сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға бағыттау бойынша кәсіптік бағдар беру, түсіндіру және сүйемелдеу шаралары ұйымдастырылды.
2026 жылғы 12 мамыр мен 10 шілде аралығында, Ұлттық бірыңғай тестілеуді сапалы ұйымдастыру және қауіпсіз өткізу негізгі басымдықтардың бірі болды. Осы кезеңде тестілеу пункттерінде қолданыстағы нормативтік талаптар мен қауіпсіздік алгоритмдері толық сақталып, тестілеу үдерісі ашықтық, әділдік және академиялық адалдық қағидаттарына сәйкес өткізілді.
Мектеп бітіру іс-шараларын өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің талаптары басшылыққа алынып, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды.
2025–2026 оқу жылының аяқталуына орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шаралар белгіленген талаптарға сәйкес жалпы білім беру ұйымдарының аумағында өткізілді. Мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыру барысында мерекелік банкеттер өткізуге, автокөлік кортеждерін ұйымдастыруға, қала ішінде және одан тыс жерлерде шеру жасауға, таңды қарсы алу іс-шараларын өткізуге, сондай-ақ оқушылар мен ата-аналардан сыйлықтар немесе өзге де материалдық құндылықтар жинауға қатаң түрде тыйым салынды.
Аталған талаптардың сақталуын қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдары, ата-аналар қауымдастығы және құқық қорғау органдарымен бірлескен түсіндіру және профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, заңнама талаптарына қайшы келетін құқық бұзушылықтар мен тәртіпсіздіктерге жол берілген жоқ.
Жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында сауықтыру лагерлері мен түрлі танымдық, спорттық және шығармашылық іс-шаралар жоспарға сәйкес жүзеге асырылды. 1-10 сыныптардағы жалпы оқушы саны – 20 633 бала. Соның ішінде жазғы шаралармен қамтылатын оқушылар саны – 8 942 баланы, яғни 44 пайызды құрады. Жазғы демалыс – тек бос уақытты өткізу емес, денсаулықты нығайту және тұлғалық дамуға жағдай жасау кеңістігі болып табылады. Жалпы барлық балалардың қауіпсіздігі, бос уақытын мазмұнды өткізуі және сауықтыру шараларымен қамтылуы тұрақты бақылауда болды.
Тәуекел тобындағы жасөспірімдермен жүйелі жұмыс барысында, яғни 91 оқушының әрқайсысына нақты қауіпсіз орта ұсыну, пайдалы әрі мазмұнды бағдарлама арқылы ортаға бейімдеу, бос уақытты тиімді өткізуіне көмектесу жұмыстары басты міндеттердің бірі болды.
Кентау қаласының білім бөлімі алдағы уақытта да білім беру сапасын арттыру, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын іске асыру бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастырады.
