Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде балалардың құқықтарын қорғау, олардың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және дарынды оқушыларды қолдау бағытындағы мемлекеттік саясат кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осы мақсатта қолға алынған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасы мен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, өз қабілеттерін толық іске асыруына мүмкіндік беретін маңызды бастамалар саналады.
Аталған бағдарламалар аясында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту, заманауи әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру, цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыру және білім сапасын жүйелі түрде жетілдіру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайтуға, әрбір оқушының сапалы білім алуына және дарын-қабілетін дамытуына тең мүмкіндік жасауға негіз болады.
Бүгінде Сауран ауданында да білім беру саласын дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Дарынды оқушыларды қолдау, олардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту, республикалық және халықаралық деңгейдегі білім сайыстарына қатысуына жағдай жасау – ауданның білім беру жүйесінің басым бағыттарының бірі.
Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде аудан оқушылары түрлі білім додаларында жоғары жетістіктерге қол жеткізіп, өңір мерейін үстем етуде. Соның айқын дәлелі – ауыл мектептері оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген «Айқанат» республикалық олимпиадасының қорытындысы.
«Айқанат» олимпиадасы – ауылдық білім беру ұйымдарының дарынды оқушыларын анықтауға, олардың білімге деген қызығушылығын арттыруға, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға, ғылыми ізденіске баулуға, сондай-ақ сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасауға бағытталған республикалық деңгейдегі беделді білім жобасы. Олимпиадаға еліміздің барлық өңірлерінен үздік оқушылар қатысып, өзара білім бәйгесінде бақ сынайды.
Аталған олимпиаданың республикалық кезеңінде Т. Айтжанов атындағы жалпы білім беретін мектептің оқушысы Әбдікерім Венера жоғары білім деңгейін, жан-жақты дайындығын және үздік нәтижесін көрсетіп, 50 пайыздық білім грантының иегері атанды.
Бұл жетістік – оқушының табанды еңбегі мен білімге деген құштарлығының, ұстаздарының кәсіби шеберлігі мен сапалы дайындығының, сондай-ақ ата-анасының қолдауы мен сенімінің нәтижесі. Сонымен қатар, бұл – Сауран ауданында білім беру сапасын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты жемісі.
Дарынды жастарды қолдау – елдің интеллектуалдық әлеуетін арттырудың маңызды тетігі. Сондықтан, білім саласында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалардың басты мақсаты – әрбір баланың қабілетін ашып, сапалы білім алуына жағдай жасау және олардың болашақта ел дамуына үлес қосатын білікті азамат болып қалыптасуына негіз қалау.

