Сауран ауданында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, олардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың, суицидтің, ерте жүктіліктің және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Осыған орай, аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен аталған мәселелерге арналған кеңейтілген мәжіліс өткізіліп, жауапты мемлекеттік органдар мен мекеме басшыларының қатысуымен өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.
Жиынның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту, білім беру ұйымдары мен құқық қорғау органдарының өзара іс-қимылын жетілдіру, профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарды саралау болды.
Мәжілісте алғашқы болып, Сауран аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Данияр Түймебаев баяндама жасап, аудан көлеміндегі криминогендік ахуалға тоқталды. Ол кәмелетке толмағандардың қатысуымен және оларға қарсы жасалған қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылып жатқан профилактикалық іс-шаралар туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, түнгі рейдтердің ұйымдастырылуы, ойын-сауық орындары мен қоғамдық орындарда жүргізілетін бақылау жұмыстары, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру және құқықтық түсіндіру шараларының нәтижелері баяндалды.
Келесі кезекте аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Мейіржан Әділбеков білім беру ұйымдарында жүргізіліп жатқан тәрбие және профилактикалық жұмыстарға кеңінен тоқталды. Баяндама барысында жасөспірімдер арасындағы суицидтің, құқықбұзушылықтың, буллингтің, ерте жүктіліктің және зиянды әдеттердің алдын алу бағытында атқарылып жатқан іс-шаралар таныстырылды. Сондай-ақ, мектеп психологтарының қызметін жетілдіру, оқушылардың эмоционалдық жағдайын бақылау, әлеуметтік педагогтар мен сынып жетекшілерінің жауапкершілігін күшейту, ата-аналармен тығыз байланыс орнату және білім беру ұйымдарындағы қауіпсіз орта қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Жиын барысында білім беру ұйымдарында құқықтық сауаттылықты арттыру, оқушылар арасында түсіндіру кездесулерін, семинарлар мен ашық сабақтарды жүйелі ұйымдастырудың маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, спорттық, мәдени және шығармашылық үйірмелерге тарту арқылы құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыру қажеттігі айтылды.
Мәжіліс барысында қызметтік автокөліктер бойынша қалыптасқан берешектерді өндіру мәселесі де күн тәртібіне шығарылды. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ильяс Мырзахметов баяндама жасап, берешектерді өндіріп алу бойынша қабылданған шаралар мен алдағы кезеңге жоспарланған жұмыстар жөнінде ақпарат берді.
Жиын барысында жауапты мекеме басшылары тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру, мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту, қауіптің алдын алуға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңейту, әлеуметтік және психологиялық қолдау шараларын жетілдіру қажеттігі ерекше атап өтілді.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі барлық жауапты мемлекеттік органдар мен мекеме басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, құқықбұзушылықтардың, суицидтің, жол-көлік оқиғаларының және өзге де келеңсіз жағдайлардың алдын алу жұмыстарын күшейту, әрбір дерек бойынша жан-жақты зерделеу жұмыстарын жүргізу, білім беру ұйымдары, полиция, денсаулық сақтау және әлеуметтік сала мекемелерінің өзара үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету міндеттері белгіленді.
Сондай-ақ, ата-аналар қауымдастығымен байланысты нығайту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды тұрақты негізде ұйымдастыру, жазғы демалыс кезеңінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылау және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру қажеттігі айтылды.
Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау, қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру – барлық мемлекеттік мекемелер мен қоғамның ортақ міндеті екені атап өтіліп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатыны жеткізілді.

