ОТЫРАРДА ТАЗАЛЫҚ ТАЛАПТАРЫН САҚТАУҒА БАҒЫТТАЛҒАН РЕЙД ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Қоғамдық тәртіпті сақтау, қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар Отырар ауданында тұрақты түрде жүргізілуде. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында аудан көлемінде кешенді шаралар қолға алынуда.

Осы мақсатта құрылған мобильді топ мүшелерінің қатысуымен аудан аумағындағы саябақтарда, скверлерде, жағалау аймақтарында, демалыс орындарында, базарлар мен халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарда рейдтік-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында қоғамдық орындардағы санитарлық тазалықтың сақталуы, абаттандыру қағидаларының орындалуы және азаматтардың қоғамдық тәртіп талаптарын ұстануы зерделенді. Нәтижесінде, тазалық талаптарын бұзудың 8 фактісі анықталды.

Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабының, 1-бөлігі бойынша 4 құқық бұзушылық тіркеліп, тиісті құжаттар рәсімделіп, заң аясында қарау үшін Отырар аудандық сотына жолданды.

Сонымен қатар, Кодекстің 505-бабының, 1-бөлігі бойынша 4 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 1 азаматқа әкімшілік хаттама толтырылып, 42 250 теңге көлемінде айыппұл салынды. Ал, 3 азаматқа ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылды.

Рейдтік іс-шаралар барысында тұрғындарға қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, заң талаптарын сақтау және құқық бұзушылықтарға жол бермеу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, азаматтарға тазалық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы түсіндіріліп, ортақ мекеннің көркеюіне әр тұрғынның үлес қосуы қажеттігі айтылды.

Аудан аумағында қоғамдық тазалықты сақтау мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы мұндай іс-шаралар тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, елді мекендердің көркеюіне және қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға өз септігін тигізеді.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *