САУРАН: ЖАҢАДАН ҚАБЫЛДАНҒАН МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АНТ ҚАБЫЛДАДЫ

Сауран ауданы әкімі аппаратының басшысы Бекзат Абубакировтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті мәселелер мен кадрлық жұмыстардың ұйымдастырылуы талқыланды. Жиынның басты мақсаты – мемлекеттік қызметке жаңадан қабылданған қызметкерлерді заң талаптарына сай қызметке кірістіру, олардың кәсіби жауапкершілігін арттыру және мемлекеттік қызмет қағидаттарын түсіндіру болды.

Мәжіліс барысында мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған қызметкерлердің Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің оң қорытындысы негізінде мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға тағайындалуы рәсімделді. Салтанатты жағдайда бес мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісі антын қабылдап, халыққа адал қызмет етуге, Конституция мен заңдарды қатаң сақтауға, өз міндеттерін абыроймен атқаруға және мемлекеттік қызметтің жоғары моральдық-этикалық қағидаттарына берік болуға ант берді.

Ант қабылдау рәсімі мемлекеттік қызметшілер үшін үлкен жауапкершілік жүктейтін маңызды кезең екені атап өтілді. Бұл – азаматтардың мемлекетке деген сенімін нығайтуға, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға және кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Жиын барысында аппарат қызметкерлері мен жаңадан жұмысқа қабылданған мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің талаптары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары, қызметтік әдеп нормаларын сақтау, мемлекеттік қызметтің беделін көтеру, азаматтармен қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру, ұжымдағы корпоративтік мәдениетті нығайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілерге құмар ойындар мен бәс тігуге қатысты қолданыстағы заңнама талаптары түсіндіріліп, заңмен белгіленген шектеулерді сақтау әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті екені айтылды. Бұл талаптардың мемлекеттік қызметтің ашықтығы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етудегі маңызы кеңінен түсіндірілді.

Мәжілісте орындаушылық тәртіпті күшейту, құжат айналымының сапасын арттыру және Бірыңғай кадрлық жүйесі арқылы кадрлық құжаттарды заң талаптарына сәйкес жүргізу мәселелері де қаралды. Жауапты мамандар кадрлық рәсімдерді цифрлық форматта жүргізудің артықшылықтарын түсіндіріп, құжаттарды уақытылы әрі сапалы рәсімдеудің маңыздылығына тоқталды.

Жиын барысында мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары – заңдылық, ашықтық, кәсібилік, адалдық және халыққа сапалы қызмет көрсету бағытындағы міндеттер тағы бір мәрте еске салынды. Мемлекеттік қызметшілердің әрбір іс-әрекеті мемлекеттік органның беделімен тікелей байланысты екені айтылып, қызметтік міндеттерді орындауда жауапкершілік пен тәртіпті сақтау қажеттігі атап өтілді.

Жиын соңында аудан әкімі аппаратының басшысы Бекзат Абубакиров мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын қатаң сақтауы, орындаушылық тәртіпті күшейтуі, азаматтардың өтініштеріне жауапкершілікпен қарауы және жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындауы мемлекеттік қызмет тиімділігін арттырудың негізгі тетігі екенін жеткізді. Сонымен қатар, халық үніне құлақ асатын, ашық әрі тиімді мемлекеттік басқару қағидаттарын жүзеге асыруда әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсібилігі мен жауапкершілігі айрықша маңызға ие екендігін атап өтті.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *