САУРАН АУДАНЫНДА ШОМЫЛУ МАУСЫМЫНДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Жаз мезгілінде шомылушылар санының артуына байланысты, Сауран ауданында тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау, жазатайым оқиғалардың алдын алу және судағы қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Осыған орай, аудан аумағындағы өзен-көлдерде, каналдарда, су қоймаларында және жеке меншік бассейндерде рейдтік-профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылды.

Рейд жұмыстары барысында жауапты мекемелердің қызметкерлері тұрғындармен және демалушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, су айдындарында сақталуы тиіс қауіпсіздік талаптарын жан-жақты түсіндірді. Азаматтарға арнайы жабдықталмаған әрі шомылуға тыйым салынған орындарға суға түсудің қауіптілігі, мұндай әрекеттердің қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екендігі ескертілді.

Сонымен қатар, ата-аналарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтылды. Мамандар кәмелетке толмағандарды су айдындарына қараусыз жібермеуге, олардың ересектердің бақылауынсыз суға түсуіне жол бермеуге және демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

Рейд барысында жеке меншік бассейндердің қызметіне де назар аударылды. Бассейн иелеріне келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құтқару құралдарын талапқа сай орналастыру, алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажетті жабдықтардың болуы, қауіпсіздік ережелерін көрнекі жерге орналастыру, санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтау және қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын орындауы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Профилактикалық іс-шара аясында тұрғындарға арнайы дайындалған жадынамалар таратылып, судағы қауіпсіздік қағидалары бойынша кеңестер берілді. Сондай-ақ, жауапты мамандар төтенше жағдайлардың алдын алуда әрбір азаматтың жауапкершілігі маңызды екенін атап өтті.

Мамандар азаматтарды тек арнайы белгіленген және рұқсат етілген жағажайларда ғана шомылуға, мас күйінде суға түспеуге, жүзу құралдарын дұрыс пайдалануға және балаларды бір сәтке де қараусыз қалдырмауға шақырды.

Сауран ауданында су айдындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы рейдтік-профилактикалық жұмыстар шомылу маусымы аяқталғанға дейін тұрақты түрде жалғасатын болады. Негізгі мақсат – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жазатайым оқиғалардың алдын алу және адам өмірін сақтап қалу.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *