Отырар ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында тұрғындар арасында санитариялық тазалық талаптарын сақтау және абаттандыру қағидаларын түсіндіруге бағытталған ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізілді.
Іс-шара барысында жұмысшы топ мүшелері көшелерді аралап, тұрғындармен кездесіп, қоршаған ортаны таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленген орындарға шығару, жеке тұрғын үй аулалары мен оған іргелес аумақтарды күтіп-ұстау, көгалдандыру және көркейту жұмыстарына белсенді қатысудың маңыздылығын түсіндірді. Сонымен қатар, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау, табиғатты ластауға жол бермеу және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Тұрғындарға арнайы ақпараттық-ескертпе парақшалары таратылып, санитариялық талаптарды сақтау әрбір азаматтың туған жерге деген жанашырлығы мен азаматтық жауапкершілігінің көрінісі екені айтылды. Таза әрі көрікті елді мекен қалыптастыру мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені түсіндірілді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларына сәйкес абаттандыру қағидаларын, санитариялық тазалық талаптарын бұзу және қоғамдық орындарды ластау фактілері үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгені жөнінде ескертілді. Заң талаптарын сақтау қоғамдық тәртіпті нығайтуға, азаматтардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – елді мекендердің санитариялық жағдайын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті орнықтыру және тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастырумен қатар, қоғамда заңға құрмет пен қоғамдық тәртіпті сақтау қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.
Таза, көрікті әрі жайлы елді мекен қалыптастыру – әрбір азаматтың ортақ міндеті мен азаматтық парызы.

