Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын дамыту мәселесіне әрдайым ерекше назар аударып келеді. Президент өз Жолдаулары мен Үкіметтің кеңейтілген отырыстарында азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау – мемлекеттің басты басымдығы екенін атап өтіп, халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, дәрігерлердің кәсіби әлеуетін арттыру және олардың еңбегіне лайықты құрмет көрсету жөнінде нақты міндеттер жүктеп келеді.
Президенттің айтуынша, «Дәрігерлердің жанқиярлық еңбегі мен кәсібилігі – ұлт денсаулығының кепілі». Сондықтан, денсаулық сақтау жүйесінде сапалы медициналық қызмет көрсету, шұғыл көмек көрсетудің тиімділігін арттыру және адам өмірін сақтап қалуға бағытталған жұмыстар мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді.
Осы міндеттердің нақты көрінісі ретінде, 17 шілде күні Созақ аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөліміне денесінің 37–39 пайызын қамтыған ауыр термиялық күйік алған ер адам өте ауыр жағдайда жеткізілді.
Дәрігерлер жүргізген тексеру нәтижесінде науқасқа дене бетінің 37–39 пайызын қамтыған IIБ және IIIА дәрежелі термиялық күйік диагнозы қойылды. Ауруханаға түскен алғашқы минуттардан бастап пациентке халықаралық медициналық хаттамаларға сәйкес шұғыл әрі кешенді емдеу шаралары жүргізілді.
Науқастың жағдайын тұрақтандыру мақсатында реаниматологтар, хирургтер және өзге де бейінді мамандар тәулік бойы үздіксіз бақылау жасап, барлық қажетті ем-дом шараларын жүзеге асырды. Дәрігерлердің жоғары кәсібилігі, үйлесімді әрекеті, жауапкершілігі және уақытылы көрсетілген медициналық көмектің нәтижесінде пациенттің өміріне төнген қауіп сейіліп, жалпы жағдайында оң динамика қалыптасты.
Науқастың жағдайы Облыстық күйік орталығы мамандарының қатысуымен консилиумда қаралып, қабылданған шешімге сәйкес, әрі қарай мамандандырылған ем қабылдауы үшін Облыстық күйік орталығына ауыстырылды. Бұл көрсетілетін медициналық көмектің сабақтастығын қамтамасыз етіп, емдеу процесінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Аталған жағдай – өңір дәрігерлерінің кәсіби біліктілігі мен тәжірибесінің, медицина қызметкерлерінің өз ісіне деген адалдығының және шұғыл медициналық көмектің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанының нақты дәлелі.
Дәрігер мамандығы – үлкен жауапкершілік пен адам өміріне деген шексіз жанашырлықты талап ететін қасиетті кәсіп. Әрбір құтқарылған өмір – медицина қызметкерлерінің тынымсыз еңбегі мен кәсіби шеберлігінің жемісі. Сондықтан, қоғамның ақ халатты абзал жандарға деген құрметі мен сенімі әрдайым жоғары болуы тиіс.
Мемлекет жүргізіп отырған денсаулық сақтау саласындағы реформалардың басты мақсаты – әрбір азаматтың өмірі мен денсаулығын қорғау. Осы жолда күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүрген медицина қызметкерлерінің кәсібилігі мен адалдығы халық денсаулығын сақтаудың және елдің әл-ауқатын арттырудың маңызды кепілі болып қала береді.
