Елімізде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі ретінде жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатта қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында барлық өңірлерде тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Бұл бастама азаматтардың туған жерге деген жанашырлығын арттыруға, табиғатты аялау мәдениетін қалыптастыруға және қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған.
Осы акция аясында Талапты ауыл округіне қарасты Сарыкөл елді мекенінде кезекті сенбілік ұйымдастырылып, санитариялық тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Сенбілік барысында автокөлік жолдарының бойы қоқыстан тазартылып, жол жиектерінде жиналған тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, ретсіз өскен арамшөптер шабылып, жол бойының санитариялық жағдайы жақсартылды. Атқарылған жұмыстар елді мекеннің тазалығы мен көркін арттыруға, қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталды.
«Таза Қазақстан» акциясының негізгі мақсаты – тұрғындардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттыру. Бұл бағыттағы жұмыстар тек тазалық шараларымен шектелмей, қоғамда туған жерге жанашырлықпен қарау, қоғамдық мүлікке ұқыптылық таныту және ортақ іске белсенді қатысу мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Осындай сенбіліктер ауыл тұрғындарының белсенділігін арттырып, қоршаған ортаны қорғау ісіне жұртшылықты кеңінен тартуға мүмкіндік береді. Таза әрі көрікті ауыл – тұрғындардың бірлігі мен ұйымшылдығының, туған жерге деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.

