Түркістан облысында өндірістік әлеуетті арттыруға, экономиканы әртараптандыруға және импортты алмастыру саясатын іске асыруға бағытталған маңызды инвестициялық жобалардың қатары артып келеді. Соның бірі – Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағына қарасты «Ораңғай» қосалқы экономикалық аймағында жүзеге асырылатын «Orzax Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің биологиялық белсенді қоспалар өндіретін заманауи зауыты.
Жобаның басталуына орай салтанатты түрде уақыт капсуласын салу рәсімі өткізіліп, өңірдің өнеркәсіптік дамуына серпін беретін жаңа өндірістің іргетасы қаланды. Аталған іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, инвесторлар, кәсіпкерлер, салалық басқарма басшылары мен қоғам өкілдері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін өндіріс көлемін ұлғайту, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, инвестиция тарту және импортқа тәуелділікті төмендету міндеттерін айқындаған болатын. Осы тапсырмалар аясында, Түркістан облысында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, өндіріс орындарын ашуға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше басымдық беріліп келеді.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық саясаттың нәтижелерімен бөлісіп, соңғы жылдары Түркістан облысында бірқатар өндірістік жобалар табысты іске асырылғанын атап өтті.
Өңір басшысының айтуынша, бүгінде облыста мақта-тоқыма, ет өңдеу, жүгері және жиһаз өндірісі бағытындағы кластерлер қалыптасып, жаңа өндіріс орындары кезең-кезеңімен пайдалануға берілуде. Импортты алмастыруға бағытталған кешенді жұмыстардың нәтижесінде жалпы құны 176 миллиард теңгені құрайтын 31 жоба іске қосылған. Ал, биыл жалпы инвестициялық құны 280 миллиард теңге болатын 39 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Нұралхан Көшеров фармацевтика саласының стратегиялық маңызына тоқталып, бүгінгі таңда облыста тұтынылатын фармацевтикалық өнімдердің басым бөлігі шетелден импортталатынын атап өтті. Нарыққа жүргізілген талдау нәтижесінде өңірдегі фармацевтикалық өнімдерге деген сұраныстың шамамен 100 миллиард теңгеге жуығы импорт есебінен қамтамасыз етілетіні анықталған.
Осыған байланысты, жаңа зауыттың іске қосылуы ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге, импорт үлесін азайтуға және еліміздің фармацевтика өнеркәсібін дамытуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің айтуынша, бұл жоба Қазақстан Республикасы Президентінің Түркия Республикасына жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асырылып отыр. Қазақстан мен Түркия арасындағы стратегиялық серіктестік пен өзара сенімге негізделген экономикалық ынтымақтастық өңірге жаңа инвестициялар тартуға жол ашуда.
– Денсаулыққа қажетті өнімдерді өз елімізде өндіру – ұлттық қауіпсіздіктің маңызды кепілі. Бұл жоба халықтың сұранысына ие өнімдерді отандық өндіріс арқылы қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жаңа жұмыс орындары құрылып, өңір экономикасының дамуына серпін береді, – деді облыс әкімі.
Өз кезегінде «Orzax Central Asia» ЖШС құрылтайшысы Алимоглу Селман Қазақстанда инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, Қазақстан Үкіметіне және Түркістан облысының басшылығына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.
Компания өкілінің айтуынша, жаңа кәсіпорын халықаралық стандарттарға сәйкес жабдықталып, жоғары технологиялық өндіріс орнына айналады. Мұнда өндірілетін өнімдер ішкі нарық қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік береді.
Салтанатты рәсім барысында арнайы капсула салынып, қатысушылар жаңа өндірістің іргетасын қалау сәтінің куәсі болды. Бұл оқиға Түркістан облысының өнеркәсіптік даму тарихындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде бағалануда.
Жоба Сауран ауданындағы «Turan» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асырылады. Кәсіпорын құрылысына жалпы көлемі 10 гектар жер телімі бөлінген. Инвестиция көлемі 20,4 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2026-2027 жылдар аралығында жүргізіледі.
Жоба толық іске қосылғаннан кейін кәсіпорын жылына 464 миллион дана биологиялық белсенді қоспа өндіретін болады. Бұл көрсеткіш отандық нарықтағы сұранысты қамтамасыз етуге және өнімнің белгілі бір бөлігін шетел нарығына экспорттауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, зауытта 500-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылады. Бұл Сауран ауданы тұрғындарын жұмыспен қамту көрсеткішін арттыруға, жастардың тұрақты еңбекпен қамтылуына және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсер етеді.
Жаңа өндірістің іске қосылуы қосалқы қызмет көрсетуші кәсіпорындардың дамуына да ықпал етеді. Нәтижесінде көлік-логистика, құрылыс, қызмет көрсету және сауда салаларында қосымша экономикалық белсенділік қалыптасады. Бұл өз кезегінде ауданның экономикалық әлеуетін арттырып, бюджет түсімдерінің ұлғаюына мүмкіндік береді.
Айта кету керек, «Orzax Central Asia» компаниясының құрылтайшысы болып табылатын «Orzaks Pharmaceuticals and Chemical Industry Inc» корпорациясы Түркиядағы биологиялық белсенді қоспалар өндірісі бойынша жетекші компаниялардың бірі саналады. Корпорация қазіргі таңда әлемнің 50-ден астам мемлекетіне 150-ден астам өнім түрін экспорттап келеді. Компания халықаралық нарықта сапалы өнім өндіруші ретінде танылған.
Бүгінде Түркістан облысы инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің біріне айналып отыр. Өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту және жаңа өндірістерді қолдау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасуда. Соның нәтижесінде облыс республика көлемінде экономикалық өсім қарқыны бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді.
Сауран ауданында жүзеге асырылатын бұл жоба өңірдің индустриялық әлеуетін арттырып қана қоймай, Қазақстанның фармацевтика саласын дамытуға, импортқа тәуелділікті азайтуға және отандық өндірістің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге елеулі үлес қосатын болады. Сонымен қатар, бұл бастама Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерінің нақты жүзеге асып жатқанын көрсетеді.

