Ауыл мектебі – ауылдың ғана емес, тұтас елдің болашағын қалыптастыратын маңызды білім ошағы. Сондықтан, ауылдық жерлердегі білім сапасын көтеру, педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру және оқушыларға тең мүмкіндік жасау бүгінгі білім беру саясатының негізгі басымдықтарының бірі саналады. Осы бағытта, Түркістан облысында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы Сауран ауданында да өз нәтижесін бере бастады.
Бүгінде Сауран ауданында 657 оқушы білім алатын 11 шағын жинақты мектеп жұмыс істейді. Бұл аудан мектептерінің шамамен 18 пайызын құрайды. Аталған мектептер ауыл тұрғындары үшін аса маңызды әлеуметтік нысан болғанымен, олардың қызметінде бірқатар жүйелі мәселелер кездеседі. Соның ішінде, біріктірілген сыныптарда білім беру сапасын арттыру, цифрлық білім беру ресурстарының қолжетімділігі, интернет байланысының тұрақтылығы және педагогтерді үздіксіз әдістемелік қолдау мәселелері ерекше назар аударуды қажет етеді.
Шағын жинақты мектептердің ерекшелігі неде?
Шағын жинақты мектептердің басты ерекшелігі – оқушы санының аздығына байланысты бірнеше сыныптың бір кабинетте қатар оқытылуы. Мұндай жағдайда мұғалім бір сабақ барысында әртүрлі сыныптарға арналған оқу бағдарламасын қатар жүргізеді. Бұл ұстаздан жоғары кәсіби шеберлікті, жан-жақты дайындықты және тиімді әдістемені талап етеді. Сонымен қатар, ауылдық мектептерде тәжірибе алмасу мүмкіндігі шектеулі болғандықтан, мұғалімдердің кәсіби қолдау алуына да қажеттілік жоғары. Осыған байланысты, білім беру жүйесінде жаңа тәсілдер енгізіліп, мектептердің өзара ынтымақтастығын күшейту маңызды міндеттердің біріне айналып отыр.
Тірек мектеп моделі – тиімді тәжірибе алаңы. Осы қажеттіліктерді ескере отырып жүзеге асырылып жатқан «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы ауыл мектептерінің сапалы дамуына жаңа серпін беруді көздейді. Жоба аясында Сауран ауданындағы Ә.Сығай атындағы мектеп тірек мектеп ретінде айқындалып, оған төрт шағын жинақты мектеп магниттелген. Бұл жүйе тірек мектептің кадрлық, әдістемелік және басқарушылық әлеуетін серіктес мектептердің дамуына бағыттауға мүмкіндік береді.
Жол картасына сәйкес тірек мектеп базасында педагогтерге арналған әдістемелік семинарлар, ашық сабақтар, тәжірибе алмасу кездесулері ұйымдастырылады. Сонымен бірге, басқарушылық шешімдерді жетілдіру, оқу процесін жоспарлау және оқыту әдістемесін жаңарту бағытында тұрақты қолдау көрсетіледі.
Ынтымақтастық – табыстың негізгі кепілі. Жобаның басты ерекшелігі – мектептердің өзара серіктестік негізінде жұмыс істеуі. Бұл тек материалдық ресурстарды пайдалану ғана емес, ең алдымен білім беру тәжірибесін ортақ игілікке айналдыруды көздейді. Тірек мектеп мұғалімдері магниттелген мектептердің әріптестерімен тәжірибе бөлісіп, сабақтарға талдау жасап, кәсіби кеңестер береді. Осындай жүйелі жұмыстар нәтижесінде мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігі артып, оқыту әдістері жетілдіріледі. Бұл өз кезегінде оқушылардың білім сапасына оң ықпал етеді.
Цифрлық білім беру мүмкіндіктері кеңейеді. Бүгінде білім беру үдерісін цифрлық технологияларсыз елестету мүмкін емес. Сондықтан, ауыл мектептерінің интернетке қолжетімділігін арттыру мен цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану жобаның маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Цифрлық платформаларды пайдалану мұғалімдердің жаңа білім ресурстарына қол жеткізуіне, оқушылардың заманауи білім алуына және әдістемелік қолдауды қашықтан ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе, шалғай ауылдардағы мектептер үшін өте маңызды.
Нақты нәтижеге бағытталған жоба. Жоба тек қысқа мерзімді шаралармен шектелмейді. Негізгі мақсат – мектептердің өздігінен даму мәдениетін қалыптастыру, басқару жүйесін жетілдіру және білім сапасының тұрақты өсуіне қол жеткізу.
Жоспарланған жұмыстардың нәтижесінде: мұғалімдердің кәсіби шеберлігі артады, тәжірибе алмасу жүйесі қалыптасады, оқытудағы заманауи тәсілдер кеңінен енгізіледі, мектептердің өзара байланысы күшейеді, оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасалады.
«Тірек мектеп жобасының басты артықшылығы – мектептердің бір-бірінен үйренуіне мүмкіндік беруінде. Бұрын әр мектеп өздігінен жұмыс істесе, бүгінде тәжірибе ортақтасып, тиімді әдістер бірлесіп енгізілуде. Бұл ауыл мұғалімдерінің кәсіби дамуына оң әсер етеді», – дейді аудандық білім бөліміне қарасты әдістемелік кабинет маманы.
«Әдістемелік кездесулерден кейін сабақ жоспарлау тәсіліміз өзгерді. Әріптестермен тәжірибе алмасу арқылы жаңа әдістерді меңгеріп, оларды сабақ барысында қолдана бастадық. Мұндай жұмыстардың оқушылардың оқу белсенділігіне де ықпалы байқалады», – дейді магниттелген мектептердің бірінің мұғалімі.
Болашаққа бағытталған бастама. Қазіргі таңда әлемдік білім беру жүйесінде мектептердің желілік ынтымақтастығы тиімді модель ретінде қарастырылып келеді. Сауран ауданында жүзеге асырылып жатқан тірек мектеп жобасы да осы қағидаттарға негізделген. Бұл бастама ауыл мектептерінің әлеуетін арттырумен қатар, мұғалімдердің кәсіби дамуына, басқару сапасының жақсаруына және оқушылардың білім нәтижелерінің тұрақты өсуіне бағытталған.
Сапалы білім – елдің интеллектуалдық әлеуетін қалыптастыратын негізгі құндылық. Сондықтан, ауыл мектептеріне көрсетіліп жатқан қолдау – болашақ ұрпақтың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды инвестиция.
Сауран ауданында қолға алынған бұл жұмыстар ауылдық білім беру ұйымдарының жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді. Алдағы уақытта жобаның жүйелі жүзеге асырылуы арқылы шағын жинақты мектептердің мүмкіндігі кеңейіп, ауыл оқушылары үшін сапалы білімге қолжетімділік бұрынғыдан да арта түседі.
