Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтіп, онда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының орындалу барысы және 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық мәселелері кеңінен қаралды.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, дербес бөлімдердің басшылары, ауылдық округ әкімдері, аумақтық мекемелердің жетекшілері мен жауапты сала мамандары қатысты. Күн тәртібіне енгізілген әрбір мәселе бойынша нақты баяндамалар тыңдалып, алдағы кезеңге арналған міндеттер айқындалды.
Алғашқы мәселе ретінде «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аудан аумағында іске асырылу барысы қаралды. Бұл бағытта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысының міндетін уақытша атқарушы Сейденбек Ақселеу баяндама жасап, санитарлық тазалықты қамтамасыз ету, елді мекендерді абаттандыру, заңсыз қоқыс орындарын жою, көшелерді, саябақтар мен қоғамдық орындарды тазалау, арық-атыз жүйелерін қалпына келтіру және көгалдандыру жұмыстары жөнінде жан-жақты мәлімет берді.
Баяндамашы акция аясында атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы кезеңге жоспарланған іс-шараларға тоқталып, ауданның барлық елді мекенінде тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстардың жүйелі жалғасатынын атап өтті. Сонымен бірге, тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, туған жердің тазалығына жауапкершілікпен қарауға шақыру бағытындағы ақпараттық-насихат жұмыстарының да тұрақты жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың сапасына ерекше тоқталып, «Таза Қазақстан» акциясы бір реттік науқан емес, тұрақты қоғамдық мәдениетке айналуы қажет екенін айтты. Әрбір ауылдық округте тазалық жұмыстарының тұрақты жүргізілуін, саябақтар мен көшелердің күтіп ұсталуын, әлеуметтік нысандардың айналасының талапқа сай болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, жауапты бөлімдерге абаттандыру жұмыстарының сапасын арттырып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін назарға ала отырып жұмыс жүргізуді міндеттеді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мырзахметов Ильяс 2026 жылдың алғашқы алты айындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы баяндама жасады.
Баяндамада өнеркәсіп өндірісі, ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс жұмыстары, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, бюджет кірістерінің орындалуы, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуы және негізгі әлеуметтік-экономикалық индикаторлардың орындалу деңгейі жан-жақты сараланды. Сонымен бірге, жоспарлы көрсеткіштердің орындалу барысы талданып, жыл соңына дейінгі басым міндеттер нақтыланды.
Мәжілісте аудан экономикасын әртараптандыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті қолдау, инфрақұрылымдық жобаларды сапалы іске асыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажеттігі айтылды. Әлеуметтік салалардағы көрсеткіштерді жақсарту, халықты тұрақты жұмыспен қамту, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін арттыру мәселелері де назардан тыс қалмады.
Аудан басшысы жауапты бөлімдерге әрбір көрсеткіш бойынша нақты талдау жүргізіп, жоспарлы индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар, инвестициялық жобалардың уақытылы жүзеге асырылуы мен бюджет қаражатының тиімді игерілуіне ерекше көңіл бөлуді міндеттеді.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе ретінде 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық барысы қаралды. Бұл жөнінде Сауран аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Казиханов Мейрхан және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалеке Марат баяндама жасап, сайлау науқанына дайындық жұмыстары туралы толық ақпарат берді.
Баяндамаларда сайлау учаскелерінің дайындығы, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, сайлаушылар тізімдерін нақтылау, заң талаптарының сақталуы, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі және жауапты мемлекеттік органдардың өзара үйлесімді іс-қимылы жан-жақты қамтылды.
Аудан әкімі сайлау науқанының Конституция мен қолданыстағы заңнама талаптарына толық сәйкес ұйымдастырылуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, барлық жауапты мекемелерге сайлаудың ашық, әділ және заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету үшін үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды.
Жиын барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыру, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту жөніндегі тапсырмаларын сапалы орындау мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарына жедел ден қою, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және халықпен кері байланысты күшейту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру қажеттігі айтылды.
Мәжіліс қорытындысында аудан әкімі күн тәртібінде көтерілген барлық мәселелердің Сауран ауданының тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.
Сондай-ақ, ауданның әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз ету, инвестиция көлемін ұлғайту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, қоршаған ортаны қорғау, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді орындалуын қамтамасыз ету және Президент бастамаларының өңірде сапалы іске асырылуы бағытындағы жұмыстарды одан әрі күшейту қажеттігі атап өтілді.

