Қазақ әдебиетінің алтын қорындағы классикалық шығармаларды насихаттау, жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында Сауран аудандық орталық кітапханасының ұйымдастыруымен «Құлагер» – мәңгілік мұра атты танымдық-әдеби іс-шара өтті.
Тағылымды кездесуге Сауран жастары мен Сауран аудандық Тілдерді оқыту орталығының қызметкерлері қатысып, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Ілияс Жансүгіровтің әйгілі «Құлагер» поэмасының көркемдік ерекшелігі мен тарихи-рухани құндылығы жан-жақты талқыланды.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау, оқырмандардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа таныстыру және мемлекеттік тілдегі көркем әдебиетті оқуға деген ынтаны қалыптастыру болды.
Кездесу барысында кітапхана мамандары қатысушыларға поэманың жазылу тарихы, негізгі идеясы, көркемдік ерекшеліктері және шығармада көтерілген әлеуметтік-адамгершілік мәселелер жөнінде жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, қатысушылар шығарманың мазмұнын заманауи әрі қызықты форматта қабылдауға мүмкіндік алған интерактивті тапсырмаларға белсенді қатысты.
Бағдарлама аясында «Шындық па, әлде жалған ба?» танымдық ойыны ұйымдастырылып, қатысушылар поэма желісі бойынша білімдерін сынады. «Құлагердің кінәсі неде?» тақырыбындағы пікірталаста жастар әділдік пен әділетсіздік мәселелеріне өз көзқарастарын білдірсе, кейіпкерлердің бейнесіне еніп сөйлеу тапсырмасы олардың шығарманы терең түсінуіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ, «Ақан серіге хат» шығармашылық бөлімінде қатысушылар өз ойларын әсерлі жеткізіп, әдеби шығармаға деген өзіндік көзқарастарын танытты.
Әдеби кеш барысында поэмадан үзінділер мәнерлеп оқылып, шығармадағы әділдік пен әділетсіздік, қызғаныш пен адалдық, өнер мен таланттың бағалануы, адамгершілік құндылықтар туралы мазмұнды пікірлер айтылды. Қатысушылар Ілияс Жансүгіров көтерген мәселелердің бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін атап өтіп, ұлттық әдебиеттің тәрбиелік мәніне ерекше тоқталды.
Осындай әдеби-танымдық кездесулер жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың тарихи танымын кеңейтіп, сыни ойлау қабілетін дамытуға және мемлекеттік тілдегі әдеби шығармаларды терең меңгеруге ықпал етеді. Сонымен қатар, мұндай іс-шаралар қазақ әдебиетінің үздік туындыларын насихаттау арқылы ұлттық руханиятты нығайтып, жас ұрпақтың ел тарихы мен мәдени мұрасына деген құрметін қалыптастыруға қызмет етеді.
Кітап – ұлттың рухани қазынасы. Ал, «Құлагер» – қазақ әдебиетінің мәңгілік мұрасы ретінде әрбір оқырманның жүрегінен орын алатын тағылымы терең шығарма.
